Өнеркәсіптік алаңдар – қала экономикасының тірегі
Шымкент қаласында өндіріс саласының мақтанышы болған төрт өнеркәсіптік алаң бар. 743 гектар жерге осы төрт индустриалды аймақ орналасқан. Ол жерге мемлекет есебінен газ, жарық, су, жалпы, барлық инфрақұрылымы тегін жүргізілген. Сондықтан кәсіпкер үшін осы индустриалды аймақтарда бизнес жобасын жүргізу өте тиімді.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда секілді сауда-экономикалық барлық көрсеткіш оң динамикасын көрсетіп, жоғары өсіммен келе жатыр. Бұл – әлбетте, бүкіл елде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың және жергілікті әкімдіктің тиісті тапсырмаларды тиянақты орындау арқылы мүмкін болған нәтижелер. Ал жоғарыда аталған төрт индустриалды аймақта бүгінгі таңда 195 жоба 315 млрд теңгеге іске асырылып келеді. 2010-2015 жылдары салынған алғашқы өндірістік алаңдар қазір кәсіпорындармен толып қалды. Енді бұған қосымша тағы бірнеше индустриалды аймақ ашуға жергілікті әкімдік күш салып жатыр. Ол – «Жұлдыз», «Бозарық» агроиндустриалды аймағы, Қазақстанда алғаш рет пайда болған жеке меншік «Стандарт» өндірістік алаңы. Бұл жеке меншік индустриалды аймақ баяғы қорғасын зауытының орнынан бой көтеріп жатыр. Және соңғысы, бұрынғы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жанынан 200 га жерге қосымша тағы 175 га жер қосылмақшы. Бұдан бөлек, қалада тағы «Тассай» индустриалды және әуежай маңындағы көлік-логистикалық аймағы бар.
Мәселен, бүгінгі таңда «Жұлдызда» 23 жобаны жүзеге асыру мақсатында зауыт-фабрикалардың құрылысы басталды. Бір ерекшелігі, индустриалды аймақта жер бір жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт аралығында кәсіпкер ол жерде зауыт салып, жер учаскесін өз мақсатына сай пайдаланып үлгеруі қажет. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың индустриалды аймақтан бір артықшылығы, онда төрт қосымша жеңілдік қарастырылған. Біріншісі, зауыт-фабрика ғимаратына ешқандай салық төленбейді. Сонымен бірге корпоративті табыс салығы және шетелден тауар әкелгені үшін экспорттық баж салығы ұсталмайды. Бірақ бұл жеңілдіктер белгілі бір өнімдерге ғана қатысты жүреді. Шымкенттегі жағдайда ол көбінесе жеңіл өнеркәсіп шикізаты мен тауарларына қатысты. Өйткені о бастағы жоспар бойынша мегаполисте тоқыма кластерін қалыптастыру мақсаты тұрды. Және бұл мақсат орындалып келеді.