«Тассай» индустриалды аймағының аумағы 100% қамтылған
Индустриалды аймақ қала экономикасының әлеуетін көтеруге бірден бір негіз болатын жоба. Мұнда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде құйылады. Бұл мегаполис экономикасының тұрақталуына, халықтың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне негіз болады. Индустриалды аймақтар кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Аймаққа мемлекет қажетті инфрақұрылымның бәрін тартып берген.
«Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. Қазіргі кезде аймақтың аумағы 100 % қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1500 адамды жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қосу жоспарланған. Онда 885 жұмыс орны ашылмақ.
«Тассай» индустриалды аймағы 89 гектар жерді алып жатыр. Мұнда балалардың тәттісінен бастап, шөл басар сусын мен сүлгі шығаратын және т.б тауар өндіретін зауыт-фабрикалар шоғырланған.
Жақында Қ.Тоқаевтың жақтастары «Тассай» индустриалды аймағында кездесу ұйымдастырып жиналғандарға үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сұрақтарына жауап берді. Қалалық қоғамдық штаб мүшелері Ә. Иманқұлов, Ж. Таңатарова, Ж. Жораев, М. Қырықбаев, Б.Жандарбеков мемлекет басшысының реформалары жайлы кеңінен әңгімелеп, жаңа заң жобалары туралы да айтты.
-Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтеледі, қорғалады және оған лайықты еңбекақы төленеді. Қызметкерлердің мансаптық болашағы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауапкершілігі мен әбжілдігіне байланысты болуы керек. Біз жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасын құрамыз. Біз ішкі еңбек нарығын қорғап, еліміздің азаматтары болып табылатын жұмысшылардың мүдделерін қамтамасыз етеміз. Мемлекеттік қолдау шараларына ие болу кезінде бизнестің көлденең міндеттемелерін белгілеу арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеруді ынталандырамыз. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап инфляция деңгейіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру механизмін енгіземіз, - деді өз сөзінде Ж.Таңатарова.
Басқосу соңында жиналғандар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беретіндерін айтты.