Экология мәселесі әрдайым назарда
Табиғи ресурсттарды ұтымды пайдаланып, қоршаған ортаны сақтауымыз керек. Қоршаған ортаны қорғаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, таза технологияларды дамыту қажет. Қоғамда экологиялық мәдениеттің деңгейін көтеру керек. ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылған осы және басқа да экологияға байланысты мәселелерді кандидаттың сенімді өкілдері дендрологиялық саябақ қызметкерлерімен талқылады.
Шымкент қалалық қоғамдық штаб мүшелері Бекайдар Төлегенов, Игорь Вербицкий, Арай Есенбек балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білім сапасын арттыру тәсілдері түбегейлі қайта қарастырылатынын атап өтті.
Спикерлер өз сөздерінде Қазақстанда ормандар аумағы 14,5 миллион гектарға жеткізілетінін хабарлады. Бұл бастама ормандарды ұлғайтуға және қорғауға ғана емес, сонымен қатар биологиялық, әртүрлілік пен фаунаны сақтауға, сондай-ақ адамдардың денсаулығы мен амандығына оң әсер етуге мүмкіндік береді.
Сенімді өкілдер жиын соңында алдағы келе жатқан сайлаудың маңыздылығына тоқтап, лайықты кандидатқа дауыс беруге шақырды.
Айта кетейік, елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы әзірлеген. Осы арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр. «Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.
Жоба аясында Шымкент қаласында биыл жоспарланған 120 мың дана ағаштың 166,3 мың данасы артығымен отырғызылған. Сондай-ақ қалдықтарды басқару саласында Шымкент қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі ағымдағы жылдың 9 айында 26,7% -ды құрады, бұл орташа республикалық деңгейден (24%) жоғары.