Көлік логистикалық орталық - Ұлы Жібек жолының жалғасы
Шымкентте 2017 жылы іске қосылған «А» санатындағы көлік логистикалық орталығы 500 мың тоннаға дейін жүк өңдеуге көшкен. Орталықта бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталып, кедендік рәсімдеуден өткізілуде.
92 гектар аумақта алғаш болып іске қосылған нысан – «Continental Logistics Shymkent» компаниясы. Жобалық құны 15 796 миллион теңге болатын нысанның мақсаты – тауарды жинау және сақтау. Мамандардың айтуынша, мұндағы негізгі артықшылық – нысанның қолайлы жерде орналасуында. Ең алдымен әуежайға жақын және теміржол бар. Тауарларды автокөлік жолдарымен және теміржолмен жеткізуге болады. Бұл кешен тәулік бойы жұмыс істей алады.
Жобаның бірегейлігі мен маңызы – Шымкентте алғаш рет жалпы температуралы және режимі бақыланатын қоймалар пайда болуы. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау аймағы бар.
Көлік-логистикалық орталықтағы қоймалар екі класқа жатады. "А" класына жоғары сапалы материалдардан салынған заманауи бір қабатты ғимараттар кіреді. Қоймалардың осы санатын салуда қолданылатын материалдар мен технологиялар әлемдік және халықаралық стандарттарға сай келеді.
Аталған нысанның құрылысын қаржыландыруды «Қазақстан Даму банкі» жүзеге асырып келеді. Бүгінде аталған банк орталыққа 11,8 миллиард теңге қаражат құйған. Орталықта әрқайсысының аумағы 10,3 мың шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, еліміздегі миллион тұрғыны бар үшінші қалаға мұндай қойма орталығы аса қажет. Себебі шаһар халқы өсім үстінде болған соң, тауарларға да сұраныс артатыны сөзсіз. Кәсіпкерлер үшін де тиімді тұстары көп. Орталық Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізіне жақын орналасқан. Яғни бұл жерден еліміздің кез келген қаласына, шетелге тауар жіберуге болады.
«Шымкент - еліміздің Орталық Азияға шығатын қақпасы, ол жақтан еліміз арқылы транзитпен тауар ағындары Ресейге және кері бағытта жүреді. Яғни жоба Қазақстанның экономикасы үшін және біздің көршілерімізбен трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл ең әуелі Шымкент-Ташкент сауда-экономикалық дәлізін дамыту тұрғысынан маңызды», - дейді «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері. Банк басшылығының айтуынша, бірлескен жобада жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» енгізіледі.