Кәсіпкерлікке қамқорлық ерекше
Бүгін ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері, республикалық штаб мүшелері «Барыс» базарының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Жиында кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау жөнінде түсіндіріп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы бизнес өкілдері үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Шағын және орта бизнестің түгелімен несиелерін субсидияландыру мәселесін орынды көтерді. Яғни, кәсіпкерлерге 6 пайызға дейін несиені арзандату деген үлкен қолдау деп санаймын. Президент мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек деп атап өтті. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн. Кәсіпкерлікті дамытудан күтілетін нәтиже елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 40%-ға дейін ұлғайту, шамамен 1,2 млн. жұмыс орнын құру болады, - деді республикалық штаб мүшесі Берік Бекжанов.
Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Президент сондай-ақ биылғы жолдауында «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деп атап өткен болатын. Жаңа Қазақстанның билігі тарапынан қолдау көрген жастар, он жылдан кейін Қазақстанның экономикалық қозғаушы күші болуы әбден ықтимал. Еліміздегі жас азаматтардың идеялары, әсіресе кәсіпкерлік жағынан ізденістері ерекше. Әлемдік деңгейден қалғысы келмей, көшпен бірге келеді. Жолдауда айтылған жеңілдетілген несие болашақта өз жемісін беретініне штаб мүшелері кәміл сенемді.
Спикерлер кездесу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан өзге де мәліметтерді айтып өтті.