Шымкентте кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін салалық байланыс топтары құрылады
Мұндай шешімді қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесуіңде қабылдады. Кездесу салалық қауымдастықтардың, құқық қорғау және қадағалау органдарының қатысуымен өтті. Кездесудің модераторы Өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов болды.
«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жөніндегі жобаны іске асыруды бастады. Экожүйе шеңберінде бизнес субъектілерінің құқықтарын бұзу фактілерін азайтуға және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде артық әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жоспарлануда. Сондықтан кездесу экожүйе шеңберінде шешуді талап ететін бизнестің жүйелі мәселелерін талқылау үшін ұйымдастырылады, - деп атап өтті Қайрат Молдасейітов.
Жиында сұрақтардың басым бөлігі сәулет және құрылыс саласына, жер қатынастары саласындағы жүйелік проблемаларға, қылмыстық процесс саласына және т. б. салаларға қатысты болды.
«Корпорация «Береке-А» ЖШС-ның, бас директоры Еркінкүл Оспаналиева битум тапшылығы проблемасын көтерді: «Бүгінгі таңда автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу бойынша бірқатар жобаларды іске асыру барысында мердігер ұйымдар битум тапшылығын сезінуде. Бүгінде мердігерлер бір тонна битумды 210-220 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр, ал өндіруші зауыттардағы баға-бір тоннасына 135 мың теңге. Біздің кәсіпорынның ай сайынғы қажеттілігі 1 мың тоннаны құрайды. Өндіруші зауыттар тікелей жеткізу шарттарын жасасудан аулақ болады, мердігер компаниялар құнын едәуір арттыратын делдалдармен және трейдерлермен жұмыс істеуге мәжбүр».
Елде жылына миллион тоннадан астам шикізат өндіретін бірнеше битум зауыттары бар, бірақ бұл да жеткіліксіз көрінеді.
Кездесу «Ашық әңгіме» форматында өтті, онда кәсіпкерлер әкімге және басқа мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдіріп, қозғалған кейбір мәселелер өз шешімдерін тапты. Қала әкімі көтерілген мәселелердің кейбірін дереу өз орынбасарларына қарауды тапсырып, ал кейбір кәсіпкерлерді жеке қабылдауына шақырды.