Қосылған құн салығы экспорттық әлеуетке кері әсерін тигізуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Халыққа арнаған Жолдауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.
Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ»,- дей келе кәсіпкерлікті дамытудың және оның жолындағы кедергілерді шешуді тапсырған болатын.
Осы ретте Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкенттің кәсіпкерлерімен кездесіп, басты проблемаларын тыңдады. Жиында «Шымкентмай» АҚ және «Шымкентмай-Доня» кәсіпорындарының басшылары уәкілге өз уәждерін жеткізді.
Аталған кәсіпкерлердің пікірінше, Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ережелері Қазақстанның экспорттық кәсіпорындарын ынталандырудың маңызды бастамасына қайшы келеді. Өзгерістер 2022 жылдың 11 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа ережелерге сәйкес, енді тексеру барысында өзара байланысты тараптар арқылы жеткізушілермен өзара есеп айырысуларға талдау жүргізілетін болады. Кәсіпкерлер мемлекет тауарлардың отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасаудың орнына кезекті әкімшілік кедергі жасады деген пікірде. Сонымен қатар, Ережелердегі жаңалықтар ҚҚС асып кеткен соманы қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге ғана қатысты болуы керек еді.
«Ережеге енгізілген бұл өзгерістер экспорттық әлеуетті қысқарту сияқты жағымсыз факторларды тудырады. Нәтижесінде валюталық түсім қысқарады, шикізатты қайта өңдеу көлемі азаяды және тиісінше отандық нарықтың әлеуметтік маңызы бар тауармен қамтамасыз етілуі нашарлайды», - дейді кәсіпкерлер.
Бизнес-омбудсмен Астанаға оралғаннан кейін Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ережесіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтай бастайтынын атап өтті.