Мәселені Үкіметке жеткізетін болды
«Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті. Индустрияландыру әлеуметтік мәселелерді шешіп, табысты арттыру үшін ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жаңа ментальдігін қалыптастырып, заман талабына бейімдеу үшін де маңызды. Ал бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактордың бірі». Бұл Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтқан сөзі.
Расында да еліміздің Оңтүстігінде орналасқан Шымкент кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ. Қазір мұнда көптеген өндіріс ошақтары қарқынды жұмыс істеуде. Алайда кейде кәсіпкерлердің де алдынан түрлі кедергілер шығады. Жалпы шымкенттік кәсіпкерлерді не мазалайды? Мұны жақында қалаға іс-сапармен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов білді.
Жиында «Шымкент кашемир» жүн өңдеу кәсіпорнының директоры Санат Шағанбекұлы маманға мынадай мәселені көтере келіпті. Еліміздегі жалғыз бірегей «Шымкент кашемир» жүн өңдеу кәсіпорнының басшысы 2023 жылдың 1 мамырынан бастап жүн экспортына кедендік баж салығы қайтадан енгізілетінін айтты.
«2021 жылы ҰКП арқасында Қазақстанда жүнге 10 пайыздық экспорттық баж салығын алып тастаған еді. Бұған дейін бұл мәселе ҰКП-ның, мемлекеттік органдардың, қауымдастықтардың қатысуымен түрлі алаңдарда талқыланған болатын. Нәтижесінде 2 жылға экспорттық баждың жойылуына қол жеткізілді, яғни 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін, оның өзінде Қазақстанда жуылған жүнімізді қабылдайтын жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда. Алайда, бүгінгі күні жағдай өзгерген жоқ, жаңа зауыттар іске қосылмады, ел ішінде сұраныс жоқ. Біздің өнімдеріміз тек шетелде ғана сұранысқа ие», - деді кәсіпкер.
Осыған байланысты кәсіпкер жүнді тұтынатын жаңа өндірістер құрылғанға дейін жүнге экспорттық бажды тұрақты негізде жоюды сұрайды.
«Мен бүгін Сіздің мәселеңіз бойынша баж салығына жауапты сауда вице-министрімен және индустрия министрімен байланысамын. Біз Үкіметке шығамыз. Меніңше, 30 сәуірге дейін үлгеруге тиіспіз», - деді бизнес-омбудсмен.
Кездесу барысында өзге де кәсіпкерлер мәселелерін ортаға салып, тиісті жауаптарын алды.