Биыл Шымкентте 166,3 мың дана ағаш отырғызылған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында орман қоры жерлеріне 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы мақсатта мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілген. Ұлттық жоба арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр.
Қазір еліміздегі орман қорының жалпы ауқымы 5 пайызды құрайды екен. Ендігі мақсат – соны 5,3 пайызға дейін жеткізу екен. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас ғимаратында өткен Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу барысында атап өтті.
«Президент бастамасына сәйкес, былтырдан бастап бес жылда 2 миллиард дана ағаш егуге кірістік. Былтырғы жоспар орындалды. Биыл 278 миллион дана ағаш отырғызу керек болса, жыл басынан бері 127 миллион дана жасыл желек егілді. Елдімекендерді көгалдандыру бойынша айтсам, биыл Шымкентте 120 мың дана ағаш егу жоспарланса, нақты 166,3 мың дана ағаш отырғызылыпты. Сондай-ақ, 2 миллиард дана ағаш отырғызуға цифрлы мониторинг жүргізу үшін интерактив карта мен OrmanMap қосымшасы жасалды», – деді министр Серікқали Аманғалиұлы.
Министрдің қысқаша баяндамасынан кейін тұрғындармен сұрақ-жауапқа жалғасты. Тұрғындар сұрағының дені – экологиялық мәселелер, Шымкент қаласының шеткі шағынаудандарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мен қайта өңдеу саласы және атмосфералық ауаның сапасы жер қойнауын пайдалану, ағаш кесу, орман шаруашылығы, су шаруашылығы, су қорғау аймағын бекіту, су қорын дұрыс пайдалану жөнінде болды. Есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.