Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі жоғарылаған
Қазір Шымкенттің экологиялық мәселелерін шешу бойынша барлығы 29 іс-шара жоспарланған. Әзірге соның 10-ы орындалыпты. Жасыл көшеттерді паспорттап, кең таралған пайдалы қазбалар карьерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орны қалпына келтіріліпті. Қазір жеке секторды газдандыру мен қоғамдық көліктерді сығымдалған газ пайдалануға өткізу жүзеге асырылып жатыр. Әйтсе де, бірқатар жоспар орындалмай қалуы мүмкін екен. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековке айтып өтті.
«Өтініштерді талдау нәтижесі, тұрғындарды Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің нөсер ағындарымен ластануы және өзендердің су қорғау белдеулерінде тығыз құрылыс мәселелері толғандыратынын көрсетті. Қазіргі уақытта қаланың кейбір бөліктерінде қолданыстағы нөсер желісі нөсер ағындарын Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендеріне төгетіндей орнатылған. Нәтижесінде өзен суы мұнай өнімдерімен, ауыр металдармен ластанып, өзеннің санитарлық жағдайы да нашарлайды. Бұдан басқа, қаланың бірқатар шағынаудандарында жеке үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмауына байланысты тұрмыстық ағынды су үй маңындағы қазылған шұңқырға төгіліп, бұл жерасты және жерүсті суын ластайды. Нақтырақ айтсақ, қаладағы 81 шағынауданның 19-ы орталық кәрізбен қамтамасыз етілген. Ал 62 шағынаудан қамтылмаған. Соған байланысты, қолданыстағы кәріз тазарту құрылғы орналасқан ауданнан алыс басқа аудандарға да тазарту құрылғыларын салу мәселесін зерттеген жөн. Әкімдік тұрғын үйлерден тұрмыстық суды жерүсті су объектілеріне төгуге жол бермеу мәселесін пысықтағауы қажет», – дейді С.Брекешев.
Қазір Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі биылдың алғашқы 9 айында 26,7 пайыз болыпты. Бұл республикалық орташа деңгейден сәл жоғары екен. Республикалық орташа деңгей – 24 пайыз.