Шаһар басшысы шетелдік инвесторды қабылдады

Oinet.kz 15-11-2022 474

image.png

Қазақстанда жылдан жылға елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Экономиканың нақты секторларының дамуы еліміздің болашағына зор ықпал eтeтiнi анық. Оның ішінде елдiң экономикалық өcуi жаңа ірі масштабты жобалардың көмегiнсiз, инвестиция және инновация, саяси тұрақтылық және ұлттық өндiрiстiң тиiмдi дамуынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Сон­дық­тан да Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бас­тап экономикалық жағдайды тұрақтандыру, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инвестициялар тарту жөніндегі саясатты белсенді түрде жүзеге асырып келеді.

Соның ішінде Шымкент – республикалық қала статусын алған соң қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қарқынды дамып отырған шаһардың бірі. Шымкент,  әсіресе инвестицияға қолайлы қала. Яғни қалаға қызығып отырған инвесторлар тек еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес шет мемлекеттерден де ағылуда. 

Осы орайда бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов түркиялық инвестор “Milat Hali” компаниясының директоры Искандер Капланды қабылдады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар сөз болып, үшінші мегополис мүмкіндіктері жан-жақты айтылды.

Кездесу барысында аталған компания құрылтайшылары одан әрі ынтымақтастықты арттыру мақсатында Шымкентте кілем және кілем бұйымдарын өндіруді іске асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді. 

Инвестициялардың жоспарланған сомасы шаршы метріне 10 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асқандв жаңадан 300 жұмыс орны ашылмақ. 

“Шымкенттің әлеуеті өте жоғары. Шаһарға инвестиция салушылардың қатары күннен-күнге артып отырғаны бізді қуантады. Халыққа пайдалы болатын әрбір жобаны қашан да қолдауға дайынбыз”,-деді әкім. 

Ал компания директоры Искендер Каплан өндірістің қала экономикасындағы экспорт үлесін арттыруға септігін тигізе отырып, жергілікті халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық беретінін атап өтті. 

Айта кетейік, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. 

Мемлекеттік көмек кәсібін өрге домалатты
«Gramad» сауда желісінің 20-сыншы нүктесі ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу