Мемлекеттік көмек кәсібін өрге домалатты
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалы жергілікті кәсіпорындарға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Аталған палата арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес.
Соның бірі - «TIAN SHAN BRANDS» ЖШС. Кәсіпкерлер палатасы аталған серіктестікке барып жай-күйімен танысып, қордаланған мәселелерін шешкен. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысқан зауыттың жұмыс қарқыны жоғары деңгейде. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасы хабарлады.
Бүгінде зауыт алкогольсіз сусындар үшін көмірқышқыл газын шығарады. Оның өнімдерін «Визит» ЖШС, «Алекс» ЖШС, «Юникс» ЖШС («Тассай» су бренді үшін) сияқты ірі компаниялар сатып алады.
«Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы бойынша зауыт жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алды. Несие қаражатына пластик бөтелкелер шығаратын құрал-жабдықтар алынды. Бірақ оларды өндіру үшін Қытайда шығарылатын PET преформалары үшін шикізат қажет. Шикізатты уақтылы жеткізу келеңсіз салдары бар пандемия жағдайымен қиындады: Қытаймен шекарадағы шектеу шаралары шикізатты жеткізу мерзімі мен көлеміне әсер етті. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені көтеріп, оны шешуге «Атамекен» АЭС орталық аппараты қосылды. Ол шешілген бойда «TIAN SHAN BRANDS» ЖШС бүкіл оңтүстік өңірдің өндірушілерін көмірқышқыл газы мен пластикалық бөтелкелермен қамтамасыз етуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылға 3,9 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 3,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, ал 0,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Бүгінгі таңда 81 жобаға 3,5 миллиард теңгеге қолдау көрсетілді дейді сала мамандары. Оның ішінде: банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 77 жобаға 3,2 миллиард теңге; банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 4 жобаға 300 миллион теңге.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тұралап немесе жабылып қалған кәсіпорындарға 15 пайызбен несие беріп, оның 9 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланды. Іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 5-6 пайызбен өтейді. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл.