Жоба бизнесін берекелі етті
Бұрын бизнес саласына екінің бірі бара бермейтін. Өйткені көпшіліктің түсінігінде кәсіпкерлікпен қалталылар ғана айналысады және бұл қара халыққа қол емес. Санаға сіңіп қалған осы бір қасаң қағиданы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жетекшілік ететін «Бастау Бизнес» жобасы біржола бұзып, халықтың түсінігіне сілкініс әкелді. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Шағын және орта бизнеспен жас та, жасамыс та, жарлы да, малды да айналыса алады. Бастысы ниет болса болғаны. Қолдау түрлері де көп. Сондықтан болар, осы күні ел ішінде жеке бизнесін ашып, берекелі іспен айналысуға бел буған отандастарымыздың қатары қалың. Ал ниеттілердің нөпірі әлі де толастар емес. Бұл жоба соңғы 5 жылда халықты кәсіпкерлік дағдыларына баулып, жастардың бизнеске деген қызығушылығын оятты.
«Бастау» жобасы жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда тиімді құрал болып табылады. «Бастау бизнес» жобасы кәсібін бастаушы азаматтар үшін бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан үлкен мүмкіндік.
Шымкентте былтыр жоба аясында 600 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Солардың бірі Шынар Сарыбаева – тігін шебері. Ол қазақи нақыштағы құрақ көрпе-төсек, бесік жабдықтарын жасаумен айналысады. Шынар Пернебекқызы өзінің кәсібін дамыту мақсатында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын оқып, куәлік алды. Кейін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізді. Нәтижесінде тігін шебері өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді. Кәсібі туралы шебер: «Өзіме ұнайтын іспен айналысып, қазақтың ұмыт болған ою-өрнектерін заманауи үлгідегі бұйымдар мен киімдерде нақыштап безендіруге тырасамын. Ең бастысы жұмысым тапсырыс берушілердің көңілінен шығады» – дейді. Бүгінде қала тұрғыны өз тігін шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген қыз жасауларын, көрпе-төсек жабдықтарын және тұрмысқа қажетті заттарды жасауды қолға алған.
Үшінші мегаполисте аталған бағдарлама аясында өз кәсібін ашып, бүгінде бизнесін дөңгелетіп отырғандар жетерлік.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша биыл Шымкент қаласында бойынша жоба аясында 1 150 грант берілу жоспарланған. Биылғы мемлекеттік гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш (1 225 200 т).