Мемлекеттік мекеме, банктерді қағазбен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын
Шымкенттегі "Qagaz Ordasy" кәсіпорны А3 және А4 пішінді қағаз өндіріледі. Бұл кәсіпорын 2020 жылы ашылған. Өндіріс жобасына 500 миллион теңге инвестиция құйылыпты. Бұл А3 және А4 пішінді қағаздарды өндіре бастаған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын. Қағаз жасайтын құрылғылар Германиядан әкелінген. Ал сапалы шикізатты Финляндиядан импорттайды. Шикізат күйінде әкелінген бума қағаздар құрылғыларға салынып кесіледі. Жұмыс барынша автоматтандырылған.
- Одан кейін мына жерде қағазды екі бумаға бөліп 500 парақтан кеседі. Бұл екі бума келесі машинаға өтеді. Онда қапталып, қорапқа салынады. Ең соңында қорапқа заттық таңба басылады. Орта есеппен бұл машина тәулігіне 10 мың қорап қағаз жасай алады, - дейді цех басшысы Артем Мизонов.
Мұнда қағаз А, Б және С деген деген атаумен үш түрлі сапаға бөлінеді. Олардың басты және жалғыз айырмашылығы парақтың ақтығында. Жалпы кәсіпорын жылына А4 маркалы 3 миллион қорап қағаз шығарады. Ал А3 пішінінің жылдық ауқымы 300 мың қорап.
- Біз кәсіпорынды ашып бастағанымызда жұмысымызды екі этапқа бөлдік. Бірінші этап Қазақстанда ең көп қолданылатын кәсіпорындар, олар мемлекеттік кәсіпорындар, “Самұрық Қазына” қоғамдық кәсіпорындары, банктер. Бірінші соларды қамтамасыз етеміз. Екінші этапта экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар, - дейді "Qagaz Ordasy" ЖШС басшысының орынбасары Қанат Әлімбаев.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындағы қағаздардың сапасы өте жоғары. Барлық халықаралық стандарттарға сай. Кез келген көлемдегі сұранысты орындауға қуаты жеткілікті. Оның үстіне биыл тағы 500 миллион инвестиция құйып өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Шымкенттегі «Тассай», «Оңтүстік» индустриялық аймақтар мен көлік-логистикалық аймағы және жоғарыда аталған арнайы экономикалық аймақтарында Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 11 мың жұмыс орнымен 300 млрд.теңгеге-189 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 160 миллиард теңгеге 124 жоба іске асырылды және 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.