Шымкентте түйе және қой жүнінен шұлықтар тоқылады

Oinet.kz 13-11-2022 672

image.png

Үшінші мегаполис қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша республикада көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Қаладағы жеңіл өнеркәсіп саласында қарқынды жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның бірі - "Шымкент кашемир" серіктестігі төрт түліктің жүнін жуып, түтіп, жіп иіретін фабрика. Мұнда қой, ешкі, түйе жүндерін өңдейді. Әуелі әкелінген жүн сұрыпталып, арнайы құрылғыға салынып әбден жуылады. Жуылғанда да 5 кезеңнен тұратын күрделі тазалаудан өтеді. Одан кейін әбден кептіріліп шығарылады. Лүпілдеп таза күйге енеді. 

Цех ішінде тігін және тоқыма жұмыстары жүргізіледі. Мұнда 1 жастағы баладан бастап 59-шы аяқ өлшеімне дейінгі шұлықтар тоқылады. "Шымкент-кашемир" ЖШС операторы Гүлшат Бекмұратованың айтуынша, мұнда жұмыс жүйеленген. 

- Станоктар 10 жұп шұлықты бума-бума қылып алдыма алып келеді. Шұлықтардың ауыздары жабық болады. Мен оны станоктың көмегімен аузын тіліп, жууға жіберемін, - дейді Гүлшат Бекмұратова. 

Түйе және қой жүнінен тоқылған шұлықтардың сапасы өте жоғары. Әсіресе адам денсаулығына пайдасы зор. Жүннен тоқылған шұлық жылуды жақсы сақтайды, аяқты терлетпейді және иістендірмейді. Бағасы да қолжетімді. Мысалы қой жүнінен тоқылғаны - 700-900 теңге арасында болса, түйе түбітінен жасалғаны -  1200 теңге тұрады. 

Фабрикада күнінен 1000-1200 жұп шұлық өндіріледі. Жылына 500-600 мың жұпқа дейін шығарылады. Бұл шұлықтар Қазақстанның барлық аймағына таратылады. Ал тазартылған жүндер Италия, Германия, Қытай елдеріне экспортталады. 

"Шымкент кашемир" өндіріс басшысы Тоқтаған Біржангүлдің айтуынша, жүннен тоқылған шұлықтар ылғалды ұстап қалады. Оны өткізбейді. Шұлықтар екіге бөлінеді, 70 пайыз жүннен жасалғаны және 100 пайыз жүннен жасалғаны. 100 пайыз жүннен жасалған шұлық қымбаттау тұрады. 

Аталған фабрика тек Шымкент емес, Қазақстан нарығында биіктен көріну үшін бірнеше жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді.

Шымкенттің өз науаты бар
«Гаухардың» мектеп формаларына сұраныс жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу