Шымкенттің өз науаты бар
Науат – бәріміздің болмаса да, біріміздің бала кездегі сүйікті тағамымыз. Арамызда әжелерінің «тәтті сақталған сандығынан» оны талай рет ұрлап жеп көргендер де бар болар. Науаттардың ең көп дайындалатын және саудаға шығарылатын жері – Ташкент қаласы болып табылады.
Енді шымкенттіктер ташкенттік тәттілерге тәуелді емес. Себебі Шымкент қаласында науат өндірісі қарқын алып келеді. "Тассай" индустриалды аймағында орналасқан «NURTAU Distribution Company» серіктесті кристалдандырылған науат өндіруде.
"Diamond Navat" атты кристалдандырылған науатты тек балалар емес, ересектер де сүйсініп жейді. Бұған дейін жеңсік тәттіні Шымкентке Өзбекстаннан алып келетін. Дегенмен шетелге тәуелді болмай, науатты өзімізде, Шымкентте өндіру ісі қолға алынды. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қолдауымен «NURTAU Distribution Company» бүгінде тәулігіне 2-3 тонна арасында өнім шығарады.
Серіктестік жұмысшысы Асыл Насырдың айтуынша, науат өндіруге қант көп мөлшерде кетеді. Себебі науаттың негізгі құрамы - қанттан тұрады екен. Одан бөлек, түрлі қоспалар араластырылады. Шымкенттік науатқа химиялық қосындылар қосылмайды. Тек табиғи өнімдер қосылады. Сондықтан да шымкенттік науат өте дәмді әрі денсаулыққа зияны жоқ.
Мұнда науаттар түрлі форматта өндіріледі. Үлкен және кіші, таяқшадағы және ұсақ науаттар өндіріледі. Бұл туралы өндіріс басшысы Асқар Төлиев мәлімдеді.
- Мұнда таяқшадағы науаттан бөлек, ұсақ науаттар шығарылады. Ұсақ науаттар таразыда килограмдап сатылады. Себебі базарда науатты келілеп алатындар көп. Және олардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Науат қысы-жазы сұраныста болатындықтан бізде өндіріс маусымға байланысты тоқтамайды, - дейді өндіріс басшысы. Кәсіпорын республиканы науатпен қамтамасыз етуде. Өнімдерін алдағы уақытта экспортқа шығаруды да көздеп отыр.
Жалпы науаттың адам денсаулығына пайдасы көп. Дәрігерлер науатты іш аурулары мазалайтын және суық тигізген адамдарға пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ, қатты шаршауды сезінген кезіңізде науат қосылған шәй ішсеңіз де таптырмас көмек бола алады. Кейбір халықтарда науатты гинекологиялық ауруларды емдеу кезінде қолданатын көрінеді.