Шымқалада «Ағаш отырғызу – сауапты іс» атты тал егу акциясы өтті

Oinet.kz 12-11-2022 638

image.png

Үшінші мегаполисте «Ағаш отырғызу – сауапты іс» атты тал егу акциясы өтті. Шымсая шатқалында өткен сенбілікке қалалық әкімдіктің басқармаларына, оларға қарасты мекемелер мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық өкілдігі мүшелері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен волонтерлар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына енгізілген этнос жастары – жалпы 300-ге жуық адам қатысты.

– Президенттің бастамасымен 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жыл сайын 120 мың түп ағаш егілуі қажет. Әрі Шымсая шатқалын жандандыру да басты назарда тұр. Осы шатқалдағы 11 гектар жер «Жасыл белдеу» мекемесіне тиесілі. Бұл мекемеге Жасыл белдеуді ұлғайту үшін қаланың бас жоспарына сәйкес өткен  жылға 2500 гектар, ағымдағы жылға 2500 гектар жер учаскелерін бөлу белгіленген. Қала ішінде орналасқан мемлекеттік орман қорының 752 гектар  жер учаскесі Қазақстан Республикасы үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №41 қаулысымен «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орман иелену құқығымен берілді. Қазіргі уақытта мекеме атына рәсімделген жер учаскелерінің жалпы аумағы 2235 гектарды құрайды. Жалпы биыл күзде осында 8 378 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі сенбілік те соның аясында өткізілуде. Осы акция аясында 4 мыңға жуық терек отырғызылды. Көшеттің барлығы "Жасыл белдеу" мекемесінің тұқымбағынан жеткізілген, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейтжанов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылға елдегі орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін егу ісі қолға алынған.

Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 5 қарашадан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде Дендросаябақ аумағына – 5000 көшет, аудан әкімдіктері тарапынан көше бойларына – 35 696 көшет, «Жасыл белдеу» мекемесінің жеріне 120 000 көшет егілмек.

Абай ауданы бойынша 3 мың түп ағаш көшеті егілді
Балалар әрі медициналық киім тігеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу