Абай ауданы бойынша 3 мың түп ағаш көшеті егілді
Кең байтақ еліміздің аумағы үлкен болғанымен, Қазақстанның орман қоры шектеулі. Сондықтан, аз ғана орман қорын сақтау – мемлекет үшін аса маңызды міндет. Еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 миллион гектарды құрайды. Оның 6,8 миллион гектары Ауыл шаруашылығы министрлігінің иелігінде болса, қалған 22,7 миллион гектар орман алқабы әкімдіктер қарауына берілген. Орманның адам мен биосфера үшін маңызы зор. Орман топырақтағы ылғалды сқатай отырып, су балансын тұрақтандырады. Орман өсімдіктердің жамылғысы мен жануарлардың көбейе түсуіне ықпал етеді. Орман аң-құстардың мекені, дәрілік өсімдіктердің панасы. Орман ауаны тазартады. Бір гектар орман бір күнде 180-200 килограмм оттегі шығарады. Бұл шамамен мың адамның бір тәулікте шығаратын көмірқышқыл газына тең. Осындай пайдасы шаш етектен болатын жасыл желекті ұлғайту бүгінгі Қазақ елінің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да әзірленген. Жобаны жүзеге асыруға шымкенттіктер де өз үлесін қосуда.
Бүгін Шымкентте жалпы қалалық сенбілік өтті. Абай ауданы бойынша тазалық жұмыстары жүргізіліп, Шымкент-Ташкент тас жолының бойына 2,2 шақырымға биіктігі 150-170 см құрайтын 2 мыңнан аса терек көшеттері егілді.
Айтып өтейік, қазан айында Жаңа әуежай терминалына барар жолдың бойына 353 арша ағашы мен 82 қырым қарағайы және Нұршуақ шағын ауданындағы Әл-Фараби көшесіне 200 қарағай көшеттері егілген болатын.
Қазіргі уақытта тал егу жұмыстарымен қатар, көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларының айналасы да қоқыстардан тазартылды. Бұл жұмыстарға "Build Stroi" ЖШС 7 жүк тиегіш (погрузчик) техникасы мен 12 жүк көлігін жұмылдырды.
Абай ауданында 258 аула мен 453 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Аталған үйлердің тұрғындарына арналып 112 қоқыс алаңшасымен 485 қоқыс контейнерлері бар.
Осы ретте, қала тұрғындарынан тазалықты бірге сақтауды өтінеміз дейді салаға жауапты мамандар.