Әл-Фараби ауданында сенбілік өтті
Ғалымдардың деректері бойынша жасыл белдеудің екпелері 30 пайызға дейін шаң-тозаңды, сондай-ақ ауадағы көптеген зиянды химиялық заттарды өз бойына сіңіріп, қоршаған ортаны сауықтыруға үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан да орман алқаптарын сақтау және оларды көбету, күтіп-баптау бұл қоршаған ортаға ғана жасалған қамқорлық емес сонымен қатар бұл адамзаттың өзіне жасалған қамқорлық. Қазір Қазақстан экологиялық проблемаларға баса назар аударып, ел аумағында орман қоры мен жасыл белдеулерді ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да айтылған тапсырма.
Ежелден жасыл желегі жайқалған Шымкент қаласы көгалдандыру жұмыстары десе алдына жан салмайтын өңірлердің бірі. Ыстық климатына қарамастан қала тұрғынларына сая болып келе жатқан шаһар алдағы күндері жасыл белдеуі мен орманы қоры ұлғайған кенттің біріне айналмақ. Қалада ол үшін жыл сайын ағаш көшеттерін отырғызу дәстүрге айналған. Сол игі бастаманың жалғасы ретінде бүгін Әл-Фараби ауданында өткен сенбілікте Бәйдібек би-Төлеметов көшелерінің қиылысына 550 түп қара ағаш және айланд ағаш көшеттері отырғызылды.
Сенбілікке Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, қалалық «Жастар ресурстық орталығының» жастары, «Интерстрой НС», «Жасыл Ел» ЖШС жұмысшылары қатысып, қаланың жасылдануына 200-ге жуық адам атсалысты.
Табиғаттың сақталуы – келешек ұрпақтың қолында. Ал, жасыл орманның пайдалы қасиеттері айтпаса да белгілі. Сондықтан, Шымкент шаһарын жасыл желектендіру мақсатында жыл сайын елді мекендердің көшелері мен аулаларына ағаштар отырғызылып келеді. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Орман күзету, қорғау шаралары ешуақытта тоқтамақ емес. Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндетіміз.