«Шымсая» шатқалының аумағы кеңейіп келеді
Қала ішіндегі жасыл белдеу және маңындағы орман алқабы үшінші мегаполистің қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұл орман – таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін шаһардың «өкпесі». Орман, жасыл белдеу қаланы желден, шаңнан қорғайды, тазалыққа үлес қосады. Бұл – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, болашаққа ескерткіш. Болашақ ұрпақтың игілігі мен тұрғындардың денсаулығына алаңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бекітті. Бұл жоба еліміздің, соның ішінде үшінші мегаполистің де экологиялық жағдайын туралап, жасыл аумағын кеңейтуді көздейді. Президенттің халыққа арнаған Жолдауына сәйкес 2024 жылға дейін Шымкент маңындағы жасыл белдеудің жалпы көлемін 13 мың гектарға дейін жеткізу және жыл сайын 200 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.
Осы межеге жету мақсатында Шымкент қаласында игі бастамалар мен бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен Қаратау ауданында сенбілік өтті. Сенбілікте “Мирас”шағын ауданында орналасқан “Шымсая” шатқалына Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 4000-ға жуық терек ағашының көшеттері отырғызылды.
Тазалық жұмыстарына коммуналдық мекемелер, ассамблея жастары және басқарма мамандарымен қоса, жалпы 300 адам қатысты. Қосымша 3 техника жұмылдырылды.
Аталмыш саябақтағы бұған дейін егілген егілген 700-ге жуық ағашқа қазіргі таңда басқарма мамандары күтіп-баптауда. Бір айта кетерлігі көшеттер өзгенікі емес өзіміздікі. Яғни шаһардағы тұқымбақта өсіріліген, жерсінген ағаштар. Егілетін көшеттер Шымқаланың климатына өте жайлы, төзімді келеді. Әрі олар саялы болып келеді.
Мамандардың айтуынша дәл осы «Шымсая» шатқалында көшеттердің шығымдылығы жақсы болады дейді. Себебі шатқал қаладан ұзақ емес әрі маңында мекемеге қарасты ұңғымалар бар. Көшеттерді суғару жағынан ешқандай қиындықтар туындамайды. Сонымен қатар мамандар көктем мезгіліне қарағанда қара күзде егілген көшеттер жаңбыр, қар суынан нәр алып, тез тамыр алып, өніп кетеді дейді.