Табиғат пайдаланушыларға қойылар талап күшейіп келеді
Шымкент қаласы бойынша экология департаменті ағымдағы жылы зертханалық-талдамалық бақылау жұмыстары бойынша бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда түнгі уақыттағы ауа сапасына зерделеу бойынша күнделікті кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл орайда әкімдікпен бірлесе жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ауаның құрамындағы зиянды заттардың мөлшерден қаншалықты асқанын немесе аспағанын бағамдап, қадағалайды. Жыл басынан бері қала аумағында экстремальді және жоғары ластану фактілері тіркелмеген.
Департамент басшысы міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаевтың мәлімдеуінше, тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің талап-арызы негізінде жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан. Сарқынды судың жерге төгіліп жатуы жөніндегі хабарламаға сәйкес, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қазіргі таңда кәсіпорынның сарқынды суы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылып, мәселе оң шешілді.
Бадам-2 елді мекенінің тұрғындары ішек-қарынды шаю барысында түзілген сарқынды судың жер бедеріне төгілуін тоқтату жөнінде талап-арыз берген. Бұл мәселе бойынша жеке кәсіпкердің қызметіне тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде кәсіпкер тарапынан сарқынды суға арналған септиктер орнатылған. Жалпы қалада рұқсатсыз жұмыс істеген немесе рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері бар, экологиялық талаптарды бұзған 9 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды. Олардың қатарында қорғасын қалдықтарын өңдеу, металл өңдеу және құю зауыты, ішек-қарын өңдеу, сабын өндіру және тас майдалау цехы бар.
Шымкент – өндірісі дамыған шаһар. Ендігі ретте қалада кәсіпкерлерге, табиғат пайдаланушыларға қойылар талап күшейіп келеді. Қаланың экологиясын жақсартуда кешенді іс-шаралар кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады.