Ауа мониторингін бақылайтын 10 станса орнатылды
2021 жылдың басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласының әкімі арасында «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» бекітілгені белгілі. Осыған орай жол картасы аясында елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына ауыстыру, қаладағы жел бағытын зерттеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жол картасында зиянды заттардың ауада шоғырлануын болдырмау үшін Шымкент қаласының жел бағыттарының режиміне зерттеу жүргізу іс-шарасы қарастырылған. Нәтижесінде, биік ғимараттар құрылысын жел бағыттарын ескере отырып жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол картасында белгіленген негізгі тапсырманың бірі ауаның ластануын төмендету.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да айтылған негізгі мәселенің бірі. Жоба бойынша ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және электр станцияларында көмірді жағумен байланысты екені жасырын емес. Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту болжанып отыр. Бұл тізімде Шымкент қаласы да бар.
Шымкент қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі ол атмосфераның ластануы. Ауаны ластаушылар қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөлік және қатты отында жұмыс істейтін қазандықтар болып табылады. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын қалаға ауаның ластануын көрсететін құрылғы орнату мәселесі көтерілген еді. Айтылған тапсырма жүзеге асырылып, қазіргі таңда қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырмасымен қалада автоматтандырылған ауа мониторингін бақылайтын 10 станса орнатылды. Бір айта кетерлігі ауаның ластануын көрсететін құрылғыны орнатуда тұрғындардың шағымы ескерілген. Яғни құрылғылар халық үнемі ауа ластанғаны туралы көп шағым айтатын аймақтарға орнатылған. Сонымен қатар, «Қазгидромет» мекемесі атмосфералық ауаның жай-күйі жөнінде халықты хабардар етуі үшін Қонаев даңғылы мен Бәйтереков көшесінің бойында 2 LED экран орнатылған. Аталмыш құрылғылар эколог мамандарға қаланың ауа сапасын үнемі бақылап, тиісті шараларды қабылдауға септігін тигізіп отыр.