Шымкенттегі қоқыс полигонының заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды

Oinet.kz 06-11-2022 320

image.png

Шымкенттегі қоқыс полигоны экологиялық-санитарлық талаптарды айналып өтіп, заңбұзушылықтарға жол бергені белгілі болды. Бұл туралы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген экологтар мәлім етті.

 Мекеме қалдық үйінделерін көму мен оны жою жұмыстарын жүйелі атқармаған. Салдарынан тұрғындардан арыз-шағым көбейді. Ауа қабатын қою түтін басып, қолаңса иіс қолқаны қапты. Мекеме үш бірдей әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл арқалады. Бірақ бір жұма ішінде төлем жүргізсе жарты бағасын жеңілдікпен өтей алады. Сондай-ақ, экология департаментінің мамандары қала көшелеріндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы компанияларға қатысты да тексеру жүріп жатқанын айтады.

 «Зертханалық мониторинг жүргізу барысында полигон аумағында білгіленген шектен асу фактілері анықталған. Соның негізінде тексеру жүргізілді. Сонымен қатар нұсқама берілді. Нұсқаманың уақыты өткен жағдайда егер орындамаса қайтадан тексеру жүргізіп, ҚР әкімшілік кодексі бойынша сотқа жолданады», - деді Шымкент қалалық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев.

Департамент мамандарының айтуы бойынша жалпы қалада  жыл басынан бері тексеру нәтижелерімен  кәсіпорындардың қызметін тоқтату туралы  сотқа 10 талап арыз жолданған,  оның ішінде   7 талап арыз сот шешімімен қанағаттандырылып,  2 талап арыз қазіргі таңда соттың қарауында.   Былтырғы жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда аталған талап арыздар 2 есе өскен. Жалпы айтқанда, мүлдем рұқсатсыз жұмыс істеген 5 кәсіпорынның қызметі толықтай тоқтатылған.

Ал жалпы ағымдағы  жылдың 10 айында 43 тексеру жүргізіп, 173 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 57 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Өткен жылдың 10 айында  21 тексеру жүргізілген. Жалпы сомасы 8 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Яғни, тексеру 2 есеге жуық, айыппұл сомасы  7 есе артқан.

Шымкенттіктер қоқыс сұрыптауды үйреніп келеді
Шымкенттің «ағаш патшалығы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу