Өзен суларының тазалығы басты назарда
Атамыз қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», деген сөз бар. Әлемде ірі қалалар да өздерінің дамуын өзен-көлдермен байланыстырып жатады. Шымкентте қаланың қақ ортасынан сыңғырлай ағып жатқан Қошқарата өзені бар. Анығында, қаланы қақ жарып өтетін өзендер елімізде ғана емес, әлемде де сирек кездеседі. Өзен қаланың микро климатын реттейді. Кезінде қараусыз қалып, арнасы қоқысқа, жағалауы қамысқа толған бұл өзен қала басшыларының бастамасымен өзеннің арнасын тазартуға кірісті. Су арнасына тас қоршау орнатып, түрлі спорттық құрылғылар, суға шомылуға арналған қалытқылар салынды. Одан кейін өзеннің екі жағалауындағы тұрғын үйлермен келісілген түрде өзен жағалауына аяқжолдар мен веложолдар салынды. Бүгінде жағалауға мыңдаған ағаштар отырғызылған. Таза ауа, шипалы су, енді балапан ағаштар жапырақ жайып, діңі ұлғайса Қошқарата Иран бақтан бір кем болмайтыны анық. Қаланың ішінен ағып өтетін Қошқар ата және Қарасу және Бадам өзендерінің тазалығы бүгінде әрдайым мамандардың бақылауында.
Жақында Ақпараттық коммуникациялық орталығында 2022 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар бойынша брифинг берген Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының м.а. Ермахан Қозыбаев аталған өзендердің сулары жауын-шашынның сарқынды суларының салдарынан ластанып жатқанын жеткізді. «Жауын-шашын сулары өзен суларына тазалау қондырғыларынсыз түсуде. Мәселенің шешімі ретіне өзенге түсіп жатқан ағын суларды тазалауға арналған тазарту қондырғыларын орнатуды жауапты мекемелерге ұсындық. Сонымен бірге Қошқар ата өзені жеке тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтармен ластау және сарқынды лас суларды төгу орындарының біріне айналған. Сол себепті өзеннің су қорғау белдеуіндегі заңсыз тұрғын үйлер мен құрылыстарды түгелдей өзен жағалауынан алыстатуды сұралық. Қазіргі таңда қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырмасы бойынша қала аумағынан ағып өтетін Бадам, Сайрам су, Қошқар ата, Қарасу өзендерінің су қорғау белдеулері аймақтарын анықтау жұмыстары жүргізілуде»,- дейді спикер.
Нәтижесін, келесі жылы көріп қалармыз, деген департамент басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев жыл аяғына дейін біраз тірлікті тындыруға уақыт барын айтып қалды.