Тұрғындардың ұсынысы жерде қалмады
Шымкент қаласы Самал-3 шағынауданының тұрғындары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуінде кәріз жүйелерінің құрылысы жөнінде шағымын жеткізген болатын.
Аталған шағынаудандағы 63 көшеде 6 800 үй қоныстанған. Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 33 көшеде кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 4300 үйге орталықтандырылған кәріз жүйесі қосылады. Қалған қалалық №6 емхана маңындағы 30 көшедегі 2500 үйге биыл ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілді.
Сонымен бірге қала әкіміне «Солтүстік-Батыс» шағынауданының тұрғындары да кәріз мәселесін жеткізген. Шағынауданда қазір 1800 үй болса, оның 500-ге жуығы кәрізбен қамтылмаған. Осы үйлерге қамту үшін келесі жылдың бюджеттік жобасына енгізіледі.
Жалпы, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Бүгінде қамту көрсеткіші 54 пайызды құраса, жыл соңына дейін 60 пайызға жеткізу көзделген. Осыған байланысты қазір 20 нысанды құрылыс жұмысы жүргізілуде. Жалпы, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Жұлдыз шағынаудандары мен Әл-Фараби ауданындағы Хлопзавод, Шолохов көшелерінде кәріз жүйесі іске қосылады.
Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор жүйесі, Тұран ішкі магистралы, Достық КНС және Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады.
Шымкент қаласының 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, шаһар аумағының 75 пайызы кәріз жүйесімен қамтылмақ.
Айта кетейік, жерасты сулары мен өзен-көлдегі суларды таза ұстау маңызды мәселе. Соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген проблеманың бірі де осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жасыл Қазақтан» ұлттық жобасында да бұл мәселе сырт қалмады. Өзен-көлдегі сулардың тазалығы оны тек қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар жауын-шашынның сарқынды суы да таза көздердің ластануына алып келеді. Ал жауын-шашын сулары өзен-көлдерге құйылмау үшін қала, көше ішіндегі арық-атыздарды, кәріз жүйелерін ретке келтіру, ирригациялық жүйелерді таза ұстаған жөн.