Шымкент – экспортер қала
Шымкенттегі 60 белсенді экспортер-кәсіпорын өткен жылы 15 шет мемлекетке 573 миллион АҚШ долларының өнімін экспорттаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жүктеген міндеттерді орындау арқылы экспорт география 25 елге дейін, ал өнім көлемі 1,5 есе артады. Мұндай экономикалық өсім халықтың табысының артуы мен әл-ауқаттының жақсаруына әсер ететіні сөзсіз.
Бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын құрылыс саласы құрайды. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биыл жылдың 8 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 22 миллиард 401 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 342 миллион теңгеге артқан.
Шымкенттен шығатын өнімнің 3,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте, әсіресе, тоқыма бұйымдары кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 98 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Осылайша Шымшаһар отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды.
Мемлекет басшысы Жолдауда отандық экономиканың шикізатқа тәуелділігі, еңбек өнімділігінің төмендігі және инновацияның жеткіліксіздігі секілді аса күрделі проблемаларымен таныс екенін атап өтті. Бұл мәселелерді шешу үшін макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландырудың жүзеге асатынын атап өтті. Әрине, экономикадағы жүзеге асырылатын осынау реформалардың түпкі мақсаты халықтың табысы мен әл-ауқатын арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсарту екені талассыз.