Тауар сапасы өндіруші мен тұтынушының ортақ мәселесі
Шымкенттік кәсіпкерлер дүниежүзілік сапа күнін атап өтті. Тауар сапасы тұтынушыға да тауар өндірушіге де ортақ мәселе. Күнделікті ішіп-жем, азық-түліктен бөлек, дәрі-дәрмек одан қалса тұрмыстық техниканың ұзақ уақытқа жарамды болғаны тұтынушы үшін маңызды. Өңірде талапқа сай келетін өндіріс ошақтары аз емес. Айтулы датада Қазақстан стандарттау және метрология институтының өкілдері тұтынушының сұранысын қанағаттандырып жүрген кәсіп иелерін марапаттады.
Сапа - кез келген кәсіпорынның, саланың және мемлекеттің табысқа жетудегі төте жолы. Сапа мәселесі біздің еліміздің де экономикалық саясатының темірқазығына айналып келеді. 2006 жылдың қарашасынан бергі уақытта елімізде Елбасының арнайы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын беру дәстүрге айналды. “Алтын сапа” сыйлығына үміткер кәсіпорындардың өнімі жоғары сұранысқа ие болып қана қоймай , бірнеше көрсеткіш бойынша үздік нәтиже көрсетуі керек. Нақтырақ айтсақ мұнда көрсетіштерге сапа деңгейі, тұтынушылардың пікірі, бизнестің даму үрдістері, инновациялар, даму стартегиялары, ресурсты үнемдеу, кадрлық саясат, қоғамды дамытуға арналған әлеуметтік бағдарламалар, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар және т.б жатады.
Сапа күнін әлем елдері қараша айының екінші аптасында атап өтеді. Содан бері біздің елде де айтулы күнді ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл датада тауар өндірушілердің мәртебесі өсіп, алғысқа бөленеді.
Дүниежүзілік сапа күні 1990 жылы бекітілді. Мұндағы мақсат өнімдер мен қызметтердің сапасының мәнін арттыру, сондай-ақ түрлі саладағы проблемаларға назар салып, шешу жолын қарастыру. Жергілікті кәсіпкерлер қазіргі таңда кез келген салада сапалы өнім өндіру мен қызмет көрсету түрлері жүйеге қойылғанын айтады.
Жалпы тауар сапасы тек өндірушіге ғана емес, тұтынушыға да ортақ мәселе. Қазақстан стандарттау және метрология институтының өкілдері соңғы кезде сервистік қызмет көрсету сапасының артып келе жатқанын баса айтты. Әсіресе автотұрақтармен коммуналдық төлем жасауда қызмет көрсету сапасының артқаны байқалады дейді.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өткен жиынға Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы Қазақстан стандарттау және метрология институтының филиал өкілдері онлайн қатысты.