Ирригациялық жүйелер жаңартылып жатыр
Жер асты сулары мен өзен-көлдер кейде адамдар факторынан бөлек табиғаттың әсерінен де ластанады. Ал жер асты сулары мен өзен-көл суларының ластануы жалпы адамзат және қорғашан орта үшін зиян. Лас су адамның денсаулығын бұзып қана қоймай қоршаған ортадағы флора мен фаунаға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан қала, елді-мекен ішіндегі ары-атыздардыңтазалығы мен жағдайын дұрыстау кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Бұл президенттің бастамасымен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да көзделген.
Осы ретте Шымшаһарда тоқтамай жауған жауынан арық-атыздар толып қалуда. Салдарынан тасыған су автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің жүріп тұруына кедергі келтіріп жатыр. Бұл экологияға да зиянын тигізетін анық. Келеңсіздікті қалыпқа келтіру мақсатында аудан әкімдіктері өздеріне тиесілі аумақтағы ирригациялық жүйелерді қоқыстан тазартып, су басқан көшелерде арнайы техниканың көмегімен сору жұмыстарын атқаруда.
Абай ауданында 160 шақырымға жуық ирригациялық жүйе бар. Қазіргі таңда арық-атыздар күл қоқыстан тазартылып, судың кедергісіз ағуына жағдай жасалған. Алайда соңғы жауған жауын суы көше ортасына жиналып, тұрғындардың еркін жүруіне кедергісін келтіруде. Солардың бірі Қоңырбай Орынбасаров. Тобыққа дейін су кешіп жүрміз деген ақсақал көше ортасынан су жинайтын шұңқыр қазғанын айтады. Онысы да тез толып қалатын көрінеді.
Абай ауданында су алу қауіпібар 45 көше анықталса оның бесеуі 112 орамда. Қазіргі таңда мұнда жауын суы ағатын жерасты құбыры жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша 21 көшеде ирригациялық жүйе қалыпқа келтіріліп, ескісі жаңартылуда. Мұндағы арық-атыздарды ретке келтіру мақсатында қала бюджетінен 279 миллион теңге қаржы қаралған.
Айта өтейік, Шаһарда ұзындығы 100 шақырымға жуық өзен-көлдер мен 600 шақырымға жуық ирригациялық жүйе бар. Бүгінгі таңда қаланың 4 аудан әкімдігі өз аумақтарындағы тазалық жұмысымен өздері айналысуда.