«Оңтүстік» АЭА өнімдері әлемді жаулауда

Oinet.kz 07-11-2022 465

image.png

Шымкент қаласындағы  «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 млн. бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді

Қазақстандағы жалғыз шұлық фабрикасы да осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Оны «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Аталған фабриканы ашу үшін компания 1 милиард 800 миллион теңге инвестиция құйған. Аталған фабрикада бүгінде 150 адам талмай еңбек етіп, жоғары технологиялы өндірістік жабдықтар мен толық автоматтандырылған өндірістік циклдың арқасында жылына 16 миллион жұп шұлық тоқып, сатып жатыр.

Әуелде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тек жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін компанияларға ғана арнап ашылған болатын. Кейіннен Шымкенттегі өнеркәсіптің даму қарқынына қарай мұндағы өндірістік бағыттардың спекторы кеңейтілді. Атап айтқанда, мұнда ендігі жерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы компаниялар да қызмет атқара алады.

Соның бірі – «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС. Бұл өңірдегі мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін жалғыз зауыт. Мамандардың айтуынша, метил-трет-бутил эфирі бұл жанармайдың құрамындағы октан санын көбейту үшін қолданылатын қоспа. Яғни, бұл компания мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспаларды шығарады. Жалпы, бұл өндіріс қаланың өңдеу өнеркәсібінің дамуына айтарлықтай үлес қосты деуге болады. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Жобаның бірінші кезеңіне құйылған инвестицияның жалпы сомасы 11 миллиард теңге. Мұнда 130 адам жұмыспен қамтылған.

Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА  31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оған 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылғаны және мұнда 2 309 адамның еңбек етіп жатқаны бұл аймақтың қаншалықты табысты екенін көрсететіндей. Осы аймақтағы кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 елінде экспортталады.

Жылына 3 миллион қорап, 10 мың крафт-қағаз өндіреді
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 2024 жылға дейін 3 889 жұмыс орны құрылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу