Жылына 3 миллион қорап, 10 мың крафт-қағаз өндіреді
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Шымкентте қаншама жұмыс орындары ашылып, талай жоба жүзеге асырылды. Солардың бірі крафт-қағаз және қораптарды өндіретін “SHYMKENT QAGAZY” ЖШС.
2021 жылдың 16 желтоқсанында ашылған кәсіпорын В-0, В-1, К-0 және К-1 маркалы картон қағазын шығарады. Өндіріс орны тәулігіне 30-35 тонна крафт қағазын,1300 тонна қорап өндірсе, жылына 3 миллион қорап, 10 мың крафт-қағаз шығаруға қауқарлы. Нысанға 1,5 миллиард теңге инвестиция тартылған болатын. Еңбекші ауданына қарасты "Оңтүстік" индустриялды аймағында 3 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын қазіргі таңда 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Дайын өнім ішкі нарықта толығымен қолданыста. Алдағы күндері компания өз өнімдерін ТМД, Қытай және Шығыс Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Аталмыш бағыттағы кәсіп қазіргі таңда нарықта жоғары сұранысқа ие.
Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 6213 жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 126,4 млрд теңгелік 53 жобадан тұрады. Шымкент қаласында биыл қаңтар-маусым айларында 17 миллиард 200 миллион теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл республикада жеңіл өнеркәсібінің дамуындағы үшінші мегаполистің үлесі 23.5 пайызды құрап отыр деген сөз. Шымкентте бұл сектордың дамуына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше әсерін тигізіп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкентте өндірілген жеңілөнеркәсіп өнімдерінің 79,1 пайызы осы аймақтың үлесіне тиесілі. Осының өзі мұның еліміздегі ең тиімді арнайы экономикалық аймақтың біріне айналғанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда аталған арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарда өндірілетін тауарлар әлемнің 23 еліне экспортталады және үлкен сұранысқа ие. Арнайы экономикалық аймақтың резиденттеріне бірқатар инвестициялық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесін қосалқы жалдау, сонымен қатар жер, мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босату. Сондай-ақ АЭА резиденттері импортталатын шикізат пен жабдыққа кедендік баждарды, импорттық ҚҚС төлеуден босатылады.