«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 2024 жылға дейін 3 889 жұмыс орны құрылады

Oinet.kz 07-11-2022 387

image.png

Үшінші мегаполистегі қарқын жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік саласының дамуына, жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған  «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында алдағы жоспарға сәйкес 2022-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 жоба іске асуы тиіс. Олардың арасында «Karlskrona Co.» компаниясының «Сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру», «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-інің «Ұнтақты полипропилен өндірісінің II кезеңі» және «ESMA Electric» серіктестігінің «Трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтар өндіру» секілді ауқымды жобалары бар. Нәтижесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына 2022-2024 жылдары қосымша 77,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, тағы да 3 889 жұмыс орны құрылады.

Кез келген өндіріс орнының табысты жұмыс істеуі білікті мамандардың шоғырлануына тікелей байланысты. Ал, Қазақстанда, соның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіптің жоғары және орта буынды білікті кадрлар, техникалық қызметкерлердің өткір тапшылығы байқалып отыр. Осы проблеманы шешу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжімен» бірлесіп «Жеңіл өнеркәсіптің құзырет орталығын» құрған. Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге «Жас маман» жобасы аясында республикалық бюджеттен 371 млн. теңге бөлінген.

Құзыреттер орталығын құрудағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету. Қазіргі күнге дейін мұнда 150-ден астам студент оқу практикасынан өткен. Қазір тағы 200-ге жуық түлек «Әлем-БТ», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Azala Cotton», «SAGITEX GROUP» және «BAER» компанияларында практикадан өтіп жатыр.

Жалпы, жеңіл өнеркәсіп құзыреттілігі орталығының түлектері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар персоналының 30-40 пайызын қамтиды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әзірге тек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ғана қолданылады.

«Оңтүстік» АЭА өнімдері әлемді жаулауда
Ауылшаруашылық кооперативін құру тиімді жоба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу