Өндірілген өнімдердің 90 % шетелге экспорттайды

Oinet.kz 07-11-2022 442

image.png

Шымкенттен шығатын өнімнің 3,9 % жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 87 пайызы, шұлықтың 68 %, ал, кілемнің 100 %  Шымкенттен шығады. Жеңіл өнеркәсіп кешені аталып кеткен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа топтасқан тоқыма фабрикалары жылына мыңдаған тонна өнім өндіріп, тұтынушыға сапалы тауарын ұсынып отыр. Шымкент – инфрақұрылымы дамыған, еңбек ресурсы әлеуетті мегаполис. Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда Шымкенттің Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуына мүмкіндігі көп.

Үшінші мегаполисте қала және жалпы еліміздің экономикасына серпін беріп, нарықтық бәсекеге төтеп беріп келе жатқан, кәсіпорындар арасында ойып тұрып орын алар зауыт, фабрикалар жеткілікті. Солардың бірі  «АГФ Групп» тігін фабрикасы. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып келеді. Фабрика тіпті  ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде.  Табысты кәсіпорынға 251 млн теңге инввестиция тартылған. Қазіргі таңда 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания жылына 1,5 млнға жуық өнімін экспортқа шығарады.

Жалпы өз өнімдерін 2013 жылдан бастап экспорттай бастаған компания жасанды емес маталар және табиғи материалдармен комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халаттар тігеді. Аймақта төсек орындықтар мен төсеніштер, жастықтар мен көрпелер, қаптөсектер өндіретін ең ірі өнеркәсіптік тігін фабрикасы саналады. Кәсіпорында заманауи үлгідегі тігін машиналары мен жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу жабдықтары бар. Қазіргі уақытта компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90 % шетелдік тұтынушыларға жолданады.

Өткен жылы фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған болатын.

Қалада жеңіл өнеркәсіп саласында «AZALA Textile», «Арайлы», «Жібек.М.», «Гаухар» тігін фабрикасы, «Alatex», «Жаңаталап-МТ», «Kazplast», «Шабитекс», «AZALA Cotton», «Әлем-БТ», «Хлопкопром-Целлюлоза», «Бал Текстиль», «НазарТекстиль» т.б кәсіпорындар  жұмыс істеп келеді.


«Шымкент» атауымен шығатын ылғалды майлық бар
Жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын өндіреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу