Жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын өндіреді
Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласы жылдан жылға өсіп-өркендеп келеді. Үшінші мегаполис бірегей кәсіпорындарымен мақтана алатын, жалпы бизнеске қолайлы, инвестицияға тартымды шаһарлардың бірі. Қаладағы еліміз бен шетелге аты таныс «Хлопкопром-Целлюлоза» зауыты 2006 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. Мақсаты айқын, бүгіні бекем, болашағы зор кәсіпорын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Өндіріс 6,5 гектар алаңда орналасқан. Кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді.
«Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС — әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін мақта целлюлозасын, карбоксиметилцеллюлоза және полианионды целлюлоза өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Негізгі шикізат — компанияға тиесілі екі мақта тазалау зауытында өндірілетін мақта линті. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 9 мың тонна линт өндірілсе, оның 7 мың тоннадан астамын осы зауыт тұтынады.
Өзінің шикізат базасының болуы компанияға икемді баға саясатын жүргізуге және тұтынушыларға қажетті кез келген сападағы өнімді өндіруге мүмкіндік береді. Зауыттың өндірістік қуаты: мақта целлюлозасы жылына 5 мың тонна, карбоксиметилцеллюлоза және полианионды целлюлоза жылына 6 мың тонна.
Мақта целлюлозасы — мақта линтін қайта өңдеу арқылы алынатын ақ түсті борпылдақ масса. Суда ерімейді және клейстер жасамайды. Компания өнімдері Ресейге, Украинаға экспортталады және оқ-дәрі, нитролактар өндірісі, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тамақ және медицина өнеркәсібі, лак-бояу өнімдері мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру сияқты көптеген салаларда қолданылады.
Айта кетейік, Шымкенттен шығатын өнімнің 3,9 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 87 пайызы, шұлықтың 68 пайызы , ал, кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Жеңіл өнеркәсіп кешені аталып кеткен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа топтасқан тоқыма фабрикалары жылына мыңдаған тонна өнім өндіріп, тұтынушыға сапалы тауарын ұсынып отыр.