Бағдарлама көмегімен мақта өңдеу цехын іске қосты
Шымкент қаласындағы «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасының жемісін көргендердің бірі - Мәншүк Оспанбекқызы. Ол былтыр «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның көмегімен 6 миллион теңге көлеміндегі қаржыны 1 пайыздық несиемен алып, мақта өңдеу цехын іске қосты. Бүгінде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, тапсырыстардың басым бөлігі Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Шымкент қалаларынан түседі екен.
- 2007 жылы жолдасым өндіріске арналған төрт құрылғыны Ресейден арнайы алып келіп, мақта жүнін өндіретін цехтың жұмысын бастаған болатын. Күн-түн демей жұмыс істеді. Өкінішке қарай, жолдасым өмірден өтті. Осы қиын сәтте күйеуімнің еңбегі еш кетпесін деп аталмыш кәсіпті өзім қолға алдым. Әрине, қаржы жағынан қиыншылықтар көп болды. 1 пайыздық несие жайлы естіп, фронт-офиске бардым. Мамандардан толыққанды ақпарат алып, өндірістің жұмысын қайта жалғастыру үшін керекті соманы есептеп, Халық банкінен несие рәсімдедім. 1 пайызбен несие алу – кәсіпкерге берілген үлкен мүмкіндік, әрі көмек, - дейді қала тұрғыны.
Аталған кәсіпорын мақта шикізатын өңдеу арқылы күнделікті қолданыста жүрген тоқыма бұйымдарын, атап айтқанда, көрпе, жастық, көрпеше, матрастар дайындауда кең қолданылатын табиғи мақта жүнін шығарады.
Айта өтсек, «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы Шымкентте арнайы жастар жылына және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2020 жылы ашылған болатын. 21-29 жастағы ерлер мен 21-58 жас аралығындағы әйелдерге 1 пайыздық несие алуға мүмкіндік береді. Кәсіпкер бұл ақшаны сән-салтанат затын сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелге қыдыруға және басқа да тұтынушылық мақсатқа жұмсай алмайды, тек жаңа кәсіп ашуға немесе бұған дейінгі кәсібін кеңейтуге бағыттауға тиіс. «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның бизнеске арналған үкімет фронт-офисі нақ осы кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіп, несие алуға бағдар береді.
Жалпы 2025 жылға дейін «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы аясында қала бойынша 100 жобаға несие беру жоспарлануда. Сонымен қатар қалада алдағы бес жылда 2,5 триллион теңгеге 211 инвестициялық жоба іске асырылмақ.