Мамандар кәсіпкерлерге көмек көрсетуге әзір
Шымкентте көшедегі жабайы сауданы ретке келтіріп, кәсібін жаңа бастаған бизнес өкілдерін аяққа тұрғызуға жәрдемдесетін тың жобалар қолға алынуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін мекеме – «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі.
Фронт-офис кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық деп те атауға болады. Мекеменің басты артықшылығы – кәсіпкерлерге қызмет көрсететін барлық мекеменің бір орталықтан табылуында. Олардың қатарында, мәселен, «Даму» қоры, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, сәулет, қала құрылысы және жер қатынасы, ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, тағы басқа ұйымдардың өкілдіктері бар. Келген адам әр мекемеге шапқыламай, «бір терезе» қағидасы бойынша бір орталықтан өзіне қажет барлық ақпаратты ала алады.
Сонымен, «Шымкент инвесттің» қызметін санамаласақ, біріншіден, консультациялық көмек көрсетеді. Екіншіден, «Атамекеннің» көмегімен жасалған бизнес-жоспарды жүзеге асыруға жәрдемдеседі, қаржы саласының тілімен айтқанда, бизнес жобаны сүйемелдейді. Үшіншіден, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының түзген арнайы жоспарына сәйкес 1 пайыздық жеңілдікпен кәсіп бастауға ден қойған кәсіпкерлерге несие береді. Дұрысы, несиені фронт-офистің өзі емес, екінші деңгейлі банк ұсынады. Дегенмен, оның өзіндік шарттары бар. Соның ішіндегі ең бастысы – үміткердің кепілмүлкі болуы керек. Әуелгіде банк 8,5 пайызбен несие берсе, оның 7,5 пайызын мемлекет өтейді, кәсіпкер сонда қалған 1 пайызды ғана төлейді. 1 % несие алу үшін үміткерлер тағы бір шартқа сәйкес келуі керек. Ол – жас ерекшелігі. Мәселен, былтыр жеңілдетілген несие 21-29 жастағы ер-азаматтарға және 21-58 жас аралығындағы қыз-келіншектерге берілді. Сонымен бірге бұл несиені алу үшін бастан-аяқ құжат жинаудың қажеті жоқ. Бастапқыда бұл арзан пайыздық несиелеу жоспары кәсіпкер әйелдерді қаржылай қолдау мақсатында құрылыпты.
Бұл жерде кәсіппен айналыссам деген әр жанға қолдау, сүйемелдеу бар дейді мекеме өкілдері. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік экономиканы алға сүйреуші күш болғандықтан, оны дамытуға барынша көңіл бөлу мемлекеттің басты міндеті саналады.