«Барыстың» макарондарына сұраныс жоғары
Кез-келген дамыған елдің экономикасы үшін негізгі драйвер саналатын шағын және орта кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамту мәселесін шешумен қатар, экспорттық әлеуеттің өсуін және ішкі рыноктың тұтыну тауарлары мен қызметін қамтамасыз етеді. Бұған қоса бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтады және халықтың әл-ауқатын арттырады. Сондықтан да Үкімет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына басымдық беріп, түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар көлемін арттыруды көздейді.
Елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі жоғары болған сайын, халықтың әл-ауқаты соғұрлым жоғары және экономика қарқынды дамиды. Дамыған елдерде бұл үлес 50%-дан асады. Мысалы, Ұлыбританияда 51%-ды, ал Жапонияда-75% - ды құрайды. Үкімет 2050 жылға қарай 50% - ға қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Кәсіпкерліктің өркендеуіне өз үлесін қосып отырған кәсіпорынның бірі Шымкенттегі макарон өнімдерін шығаратын «БАРЫС 2007» ЖШС-і. Нысан 2007 жылы құрылған. 2009 жылы кәсіпорынды іске қосу іс-шарасына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысқан болатын.
Жобаның ұйымдастырушысы, ауылшаруашылығы саласында және астық өңдеу саласында, диірмен және макарон өндірісін құруда үлкен тәжірибесі бар кәсіпкер – Мұқан Наимбеков.
Кәсіпорын Тассай шағынауданында 3,25 га өндірістік алаң сатып алды. 2008 жылы компания төртінші (соңғы) буынды компьютерлендіру деңгейімен жабдықталған, осы салада әлемдік көшбасшы «PAVAN Mapimpiati SPA» итальяндық компаниямен келісімшарт жасасты. Бұл желінің өнімділігі мен IT-технологияларды қолдануы бойынша Қазақстан мен Орта Азияда аналогтары жоқ.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында цехтың өндірістік қуаты кеңейтілді. Қаражат – жаңа цех құрылысы, жабдықтар сатып алу, қоймаларды қайта құру және айналым қаражатын толықтыру үшін жұмсалды. Жобаны Халық Банкі қаржыландырды.
Кәсіпорынның жалпы сатылымының 20 %-ы экспортқа тиесілі. Кәсіпорынның алдағы жоспарларында экспорттық әлеуетті 35% - ға дейін арттыру көзделген.
Бүгінгі таңда «БАРЫС 2007» ЖШС – ТМД елдері мен Орта Азия өңірі нарығында үздік макарон өнімдерін өндірушілердің бірі. Заманауи, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Кәсіпорынның ашылғанына көп уақыт өтпесе де, шығарылатын өнімнің жоғары сапасы елдің және жақын шет елдердің азық-түлік нарығында сұранысқа ие.