Асыл тұқымды мал басын көбейтіп отыр
Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Содан болар, бүгiнгi таңда шағын және орта кәсiпкерлiктің серпiндi дамып келе жатқаны белгiлi. Соның ішінде, шағын кәсiпкерлiктің саны қарқынды түрде өсiп келедi. Осылайша, мемлекет бүгінгі күні кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің нарық экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде өз қызметтерін жүзеге асыруларына қажетті жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істетуді көздейтін жалпыұлттық институттар құрылуда. Шағын және орта бизнеске атаулы қолдау көрсетуді жүзеге асыратын арнаулы «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қоры» құрылып, табысты жұмыс жүргізуде. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласында кәсіпкерлік нысандар аз емес. Көпшілігі табысқа шығып, отбасын асырап отыр. Себебі кәсіпкер шығарған өнімді алатын тұтынушы өте көп. Миллионнан аса тұрғыны бар қалада кәсіппен, шаруамен айналысу өте тиімді. Сондықтан да кәсіпкерлер тезірек өз кәсібін бастауға асыққаны абзал.
Табысты жұмыс істеп тұрған нысанның бірі «Эгамназаров» сүт фермасы. Бүгінде сүт өндіру бағытын ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкер «Эгамназаров» Еуропа елдерінен 138 бас асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алды (2020 жылы– 70 бас, 2021 жылы 68 бас). Қазіргі таңда сатып алынған ірі қара малдарының жартысынан көбі төлдеп шаруашылықтағы жалпы мал басы көбейген. Яғни, 200 ірі қара малға салынған қорада Голландия мен Венгриядан әкелінген 140 гольштейн тұқымдас сиырлардан сүт алынып, нарыққа шығарылып жатыр. Мемлекет тарапынан 70 миллион теңге субсидия берілген. Мемлекттік қолдауларды тиімді пайдалану арқасында шаруашылықтың сүт өндірудегі жылдық қуаттылығы 500 тоннадан 900 тоннаға жетті. 20-ға жуық азаматтар тұрақты жұмыстармен қамтылған. Өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-не берілуде. Аталған сүт фермасы қала тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп, ел алғысына бөленіп отыр. Алдағы уақытта аталған шаруашылық қора жай құрылысын жаңартып, сүтті бағытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.