«New Technology LTD» Қазақстандағы теңдессіз өнім шығарады
«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «New Technology LTD» кәсіпорны қуаты 15-1000 киловаттық дизельді электр стансаларын өндіреді. Бұл дизелді электр генераторлары бұрын-соңды елімізде жасалмағандықтан Қазақстандағы теңдессіз өнім саналады. Компания басшысы Б.Жакешбаевтің сөзінше, зауыт 2020 жылдың шілде айында іске қосылған. Дизельді генераторды құрастыруға қажетті бөлшектердің жартысы Қытай, Түркиядан әкелінсе, қалған бөлшектерді өзімізден сатып алады. Негізінде кәсіпкер бұл бизнесті алғашқы кезде дизельді электр қондырғыларын шетелден әкеліп, елімізде саудалаудан бастаған. Өндіріс кәсібін ашса, мол табыс көзі болатынын байқаған ол мұндай генераторларды өзімізде құрастырып шығаруға бел байлайды. Қазақстанда дизельді электр стансасына деген сұраныс жылына 2 мың дананы құрайды екен. Ал кәсіпорынның бизнес-жоспарында бастапқыда жылдық өндіріс қуаты 240-300 дана деп көрсетілген. Дегенмен Б.Жәкешбаев өндіріс қарқынын үдетсе жылына 500 данаға жуық элетр генераторларын өндіруге кәсіпорынның қауқары жететінін айтады. Өндіріс қуатын арттыруға жапониялық Кайдзен жүйесі септігін тигізбек. Кайдзен жүйесіне сәйкес адамға уақыттан ұтылмайтындай, еңбек өнімділігін арттыратындай жұмыс істеу үшін соған лайықты жағдай жасалуы керек.
– Керекті құрал-саймандар көрнекі етіп жұмысшының алдында тұрады. Сонда ол бұрынғыдай бір құралды іздеп табу үшін қораптың ішін ақтарып босқа уақытын жоғалтпайды. Сол секілді генератор қондырғысын құрастыру жұмыстары бөлек-бөлек болғанымен бір-біріне өте жақын маңда жүргізіледі. Жұмысшылардың бір тобы қондырғыны құрастырып болса, қасындағы топ дереу оны бояуға кіріседі. Осылайша өндірістік процестің барлық кезеңдері зауыттың аядай жерінде жүзеге асырылады. Бұдан еңбек өнімді болады әрі уақытты тиімді пайдаланады, – дейді кәсіпкер.
Аталмыш зауытты салуға 300 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Мұндағы өндіріс желілері заманауи әрі қымбат қондырғылар. Мәселен темірді лазердің көмегімен түрлі кескіндер түрінде жапондық қондырғының бағасының өзі 100 мың доллар тұрады.
Кәсіпкер шетелге жиі іссапармен шығып сол жақтан біраз нәрсе үйреніп көп тәжірибе жинақтап, ізденістің арқасында күрделі технологияны өздері жасап шығаруды біртіндеп меңгерген.