«Мега СМАРТ» - еліміздегі баламасы жоқ бірегей өндіріс орны
Қ.Тоқаев Жолдауында өнеркәсіп өндірісін 1,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда Шымкентте индустриалды аймақтарда өндіріс қарқыны мықты. «Тассай» индустриалды аймағындағы «Мега СМАРТ» ЖШС МДФ жылтыр плита және жиһаз өндірісі 2016 жылы іске қосылған болатын. Жалпы 1,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда 157 адам жұмыс істейді. Дайын өнімдердің 60 % ішкі нарыққа, 30 % экспортқа жөнелтілуде.
Зауыт – еліміздегі баламасы жоқ бірегей өндіріс орны. Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған кәсіпорын 3D форматындағы жылтыр тақталарды да дайындайды. Жылына 72 мың МДФ панелдерін және 5000 дана жиһаз жиынтығын шығаруда. Кеңселерге және білім беру мекемелеріне аса қажетті жиһаздар.
«Мега Смарт» жиһаздары Шымкент қаласының бренд тауары саналады. Жиһаз өнімдерінің алғашқы сызбадан, 3D принтерінде жобаланып, клиенттің қалаған жеріне орнатқанға дейінгі барлық өндіріс, құрастыру жұмыстары зауыт мамандарының қолымен жасалады. Заманауи технологияға келсек мұнда итальяндық қондырғымен жиһаз тақтайларына 0,1 мм дәлдікпен бұрандалар бекітілетін тесіктер салынады. Тақтай жақтауларына автоматты түрде жапсырмалар орнатылып, жиһаздың әрбір тақтайы бөлек гофрақорапта қапталады.
Дайын тауарға жұмсалатын шикізаттың басым бөлігі ресей және жергілікті өнім. Оның қатарында мақта талшығы да қолданылады. «Мега Смарттың» өнімдеріне Қазақстанда сұраныс жоғары. Жылтыр тақталар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортталуда. Зауыттың қазіргі таңда Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларында арнайы өкілдіктері жұмыс жасайды. Алдағы уақытта еліміздің қалған өңірлерінде де өкілдіктерін ашу жоспарланып отыр.
Аталған жобаның І-кезеңін қаржыландыруға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 6 пайыздық жеңілдікпен несие алынған. Аталмыш қор кепілмүліктің 50 % өзі қамтамамасыз етті. Зауыт құрылысының ІІ-кезеңінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 14 % несиеге қол жеткізген. Алынған несие пайызының жартысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидияланды.
Еске сала кетсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылға 9,4 млрд теңге бөлініп, 2 760 жобаға 5,8 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген.