Қазақстандағы инсулиндік ине өндіретін алғашқы кәсіпорын Шымкентте орналасқан
Қазіргі таңда медициналық өнімдерге деген сұраныс көп. Әсіресе коронавирус дерті өршіген тұста медициналық өнімдерге деген сұраныс артқаны сонша, кәсіпорындар сұранысты қанағаттандыра алмай қалды.
Осы орайда медицина өнімдерін шығаруды дамытуды қолға алған абзал. Медицинада адам өмірі үшін аса маңызды инсулинды инелер енді өзімізде өндіріледі. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «GREEN CROSS ECO» ЖШС жылына 200 миллион дана шприцтерге арналған инсулинды инелер өндіруге қауқарлы. Нақтырақ айтқанда жылына иммуноферментті анализдің 500 мың жинағын және 70 миллион инсулиндік ине шығарады. Бұрын инсулинды инелер шетелден әкелінетін. Жаңа бағыттағы өндіріс орны өзімізді қамтып қана қоймай, шетел нарығына шығаруды көздеуде.
Кәсіпорын әзірге, инсулинге тәуелді ауруларда қолданатын автомат ручкаға инсулиндік иненің 6 түрі өндірілуде. Өндіріс орнының жаңадан құрылуына орай, 55 маман жұмыспен қамтылды. "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысын бастаған жобаның құны - 500 миллион тенге.
Кәсіпорын медициналық бұйымдар өндірісіне осылайша серпін беріп отыр. Айта кетейік, аталмыш медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруші зауыт Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын.
Еске сала кетсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылға 9,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 6,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 2,7 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Бүгінгі таңда, 2 760 жобаға 5,8 миллиард теңгеге қолдау көрсетілді дейді салаға жауапты мамандар. Оның ішінде: банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1 840 жобаға 4,5 миллиард теңге; банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 886 жобаға 1,2 миллиард теңге; мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 34 жобаға 170,0 миллион теңгеге қолдау көрсетілді.