Тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарады

Oinet.kz 05-11-2022 563

image.png

Қазір әлем тез өзгеріп, жылдам дамып бара жатыр. Қол жеткізген табыстарға тоқмейілсіп отыруға мүлде болмайды. Осыны ескерген Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында « ...экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру» деп атап өтті.

Осы тұста еңбек өнімділігі деген өте маңызды көрсеткіш. Оны қайткенде арттыра алмақпыз? Сөз жоқ, мұның бірден бір жолы – жоғарғы технологиялық және қосылған құны жоғары өнімдерді көптеп өндіру. Жалпы, қазір кез келген елдің немесе өңірдің экономикасының бәсекеге қабілеттілігі жоғары технологиялық өнімдерді шығаратын кәсіпорындардың болуымен өлшенеді. Міне, сондай іргелі кәсіпорындардың бірі - «TABA INDUSTRIAL» ЖШС. 

Қалада дайын өнім шығаратын кәсіпорындар көбейсе экономикасы қарыштап дамиды. Өндірушіге айналған қаланың болашағы да жарқын болады. Олар ешкімге алақан жаймай, өзгелерге қол ұшын соза алатын болады. 

Шымкент қаласында соңғы жылдары кәсіпорындар саны артып, өндіріс көлемі ұлғайып келе жатқаны көңілд қуантады. Қаладағы «Тассай» индустриалды аймағында 0,6 гектар аумақта орналасқан кәсіпорын халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытуда. 

2020 жылы іске қосылған өндірістің жоба құны – 510 миллион теңге. Бүгінде 65 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 510 мың дана халық тұтынатын бұйым шығарып, өнімділікті арттырып келеді. Нақтырақ айтқанда кәсіпорын  жылына 150 000 дана дөңгелек, 300 000 дана бақша арбасы, 60 000 дана баспалдақ шығарады.   

Мемлекет баса назар аударып отырған инудстриаландыру саясатының арқасында бір жағынан жұмыссыздық мәселесі шешілсе, екінші жағынан салық салу базасы кеңейіп, қала бюджеті толыға түседі. Шымкент үшін бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, шаһар бюджетінің шығыс бөлігі 481 миллиард теңге болса, соның шамамен 150 миллиарды ғана жергілікті салық түсімдерінен құралады. Ал, жоғарыда біз сөз еткен  «TABA INDUSTRIAL»  компаниясы қала бюджетіне ірі салық төлеп отырған кәсіпорын. 

Қайтарымсыз грантқа сұлулық салонын ашты
Қазақстандағы инсулиндік ине өндіретін алғашқы кәсіпорын Шымкентте орналасқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу