Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуметтік нысандарға «жан бітіруде»
«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Шымкент қаласының инвестициялық белсенділігін арттырушы аймақтық институт болып саналады. Қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында ұйым өзінің негізгі қызметінің бағыттарын айқындап үлгерді. Осы орайда ӘКК мамандары инвесторларды көпқабатты тұрғын құрылысын, сонымен бірге емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандар салуға шақырып, тиімді ұсыныстарымен қызықтыруда.
Бүгінгі таңда ұйымның инвесторламен бірлескен іскерлік портфелінде 440 млрд теңгені құрайтын 61 жоба бар. Оның 35 жобасы көпқабатты тұрғын үй құрылысының саласына тиесілі. Осы жобалардың нәтижесінде алдағы 5 жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Қаладағы қарқын алған құрылыстың мысалы ретінде жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент сити шағын ауданын айтуға болады. Онда ӘКК және инвесторлармен бірлескен тұрғын үй құрылысы бойынша 10, ал мектеп құрылысына қатысты 3 жоба жүзеге асуда. Аталған жобаларды қолға алу арқылы келешекте 40 мың шаршы метр тұрғын үйді және 2900 оқушыға арналған 3 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр.
Осылайша көптеген жылдар бойы идея күйінде қалып келген «Шымкент сити» жобасының бойына қан жүгіріп, бұл шағын ауданда құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы – бұл мемлекеттік орган мен бизнес арасын жалғап жатқан «алтын көпір». Ұйым қызметінің басты мақсаты – бизнес бастамаларды қолдап, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Айталық, ӘКК Shymkent Invest департаменті арқылы инвестиция тартып, жобаларға жетекшілік жасайды. Осы күнге дейін департамент жеке кәсіпкерлердің қатысуымен бірге жалпы инвестиция сомасы 66,4 млрд теңгені құрайтын 17 меморандумға қол қойды.
Бүгінде ұйым алдында жалпы көлемі 200 млрд теңге болатын инвестициялық жобалардың «1-инвест» статистикалық есептілігін тапсыру міндеті тұр. 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген индикатор 62,1 млрд теңгеге орындалған. Қалада жұмыс істеп тұрған «Оңтүстік», «Тассай», сауда – логистикалық аймағы мен жаңадан іске қосылып жатқан «Жұлдыз» ИА мен «Бозарық» агроиндустриялды аймағы да ӘКК бақылауындағы кәсіпкерлік алаңдары.