Кәріз жүйесі бойынша мәселе шешілді

Oinet.kz 05-11-2022 694

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру. Жоба аясында 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендетуге қол жеткізу, қалдықтарды өңдеу үлесін ағымдағы 18 пайыздан 35 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.

Осы орайда Шымкентте  кәріз жүйелерінің сапасын арттыру бойынша  тиісті жұмыстар орындалуда. Мысалы, Төлеметов көшесіндегі кәріз жүйесі бойынша мәселе шешілді. Ақжайық шағынауданында кәріз сору станциясы болатын. Одан шығатын жағымсыз иіске жергілікті тұрғындар шағымданған. Оған қоса, станция жылына 3,5 миллион теңге электр энергиясын тұтынып келген. Осы мәселені шешу бойынша сорғы алынып тасталып, электр энергиясына жұмсалатын қаржы үнемделген. Әрі жағымсыз иіс те жоғалды. Ал, қалдық су өздігінен ағатын жүйеге жалғанып, Сырым батыр көшесіндегі диаметрі 500 мм кәріз коллекторына барып қосылған. Осылайша қалдық судың   қоршаған ортаға тигізген залалы тоқтатылды.  

– Заң талабына сәйкес, департамент тарапынан базалық ірі субъектілерге 5 жылға немесе одан ұзақ мерзімге инвестициялық бағдарламалар, тарифтер бекітіледі. Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасына 2021-2026 жылдарға барлығы 750 миллион теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілді. Ең бастысы – бағдарламаның сапалы әрі тиісті орындалуы. Биылға 7 шақырым су және кәріз жүйесі жаңартылды. Қосымша сорғы, су реттегіш сияқты жабдықтар сатып алынған, жаңартылған, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова.

Жалпы, Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған ивестициялық бағдарламасына 750 миллион  248 мың теңге бекітілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік-техникалық шығын 0,18 пайызға, ал құбырлардың тозу деңгейі 0,5 пайызға төмендеген.

Биыл игерілген 113 миллион теңгенің ішінде 103 млн теңгеге жуығы су желілерін қайта құруға, 3,8 миллион теңгесі кәріз желілерін қайта құруға жұмсалса, 340 мыңы негізгі құралдар сатып алыныпты.

Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуметтік нысандарға «жан бітіруде»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу