Жасыл технологияға бетбұрыс байқалады
Жаһандық жылынудың тұсында экологиялық таза технологиялар қоғам қажеттілігіне айналуда. Осы орайда дамыған мемлекеттер электромобильдерге көшуде. Бұл алпауыт елдердің жасыл экономикаға бет бұрғанын білдіреді. Шымкентте де Илон Масктің ізбасарлары тұрады. Қазақстандағы тұңғыш электромобильдерді құрастырушылар - Нұрсұлтан, Абылай, Дәурен. Олар Шымқалада «Beren motors» атты шағын кәсіпорын ашып, ескі көліктерден электромобиль жасап жатыр.
«Елдегі көліктерге газ орнату ісі осыдан 5,6 жыл бұрын кең етек алды. Дәл солай неге электромобиль жасамасқа деген ой келді. Бүгінде сол идеяны жүзеге асырып келеміз. Оған қосымша қуаттағышты да қолдан құрастырдық. Алдағы уақытта қала ішіндегі бекеттерге орнатамыз» - дейді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Сейсембаев.
Электр көлігіне қажетті жабдықтарды әзірге Ресейден алдыруда. Әзірге дейтін себебіміз, кәсіпкер Н.Сейсембаев келешекте элетр моторды, микрочипті, қуаттағыш құрылғыны өзімізде шығаруды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға тек өз қалтасынан қаржы жұмсаған.
– Бір көліктің моторын электр қозғалтқышқа ауыстыруға кемі 5 млн. теңге кетеді. Бәрі батареяға байланысты. Ол аз болған сайын, төленетін қаржы да қысқарады. Келешекте жанармаймен жүретін көліктер өндірісі тоқтайды. Бүгіннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілері электр көлігіне көшіп жатыр. Қазақстандағы көліктердің барлығы негізінен 1990-2000 жылдары шығарылған ескі көліктер. Олардың моторының тиімділігі бар-жоғы 20 % құрайды. Электр қозғалтқышының тиімділігі 95-98 % жетеді. Шетелден жаңа электр көліктер әкелу де қазір тиімсіз. Өйткені бағасы қымбат. Біреуінің өзі 35 мың доллар тұрады. Екіншіден оған қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді, - деді жас кәсіпкер.
Н.Сейсембаевтың айтуынша электр көлігінің батарейін қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді. 1 Квт шашамен 17-18 теңге екенін ескерсек, бензинге қарағанда жүргізушіге электркар әлдеқайда арзан түспек. Оның үстіне, бір толтырған батарея қуаты 300-400 шақырымға жетеді.
«Біздің елде 20 млн-ға жуық - ақ халық тұрады. Көп емес. Сондықтан жасыл энергияның түгелдей қолданысқа ендіруге болады. Жалпы электромобиль - бұл болашақ. Ал, біздің арманымыз сол болашақты тездетіп елге алып келу» - дейді олар.