Балалар спорттық секциямен қамтамасыз етіліп жатыр

Oinet.kz 05-11-2022 676

image.png

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында  мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында экономиканың түрлі салаларында: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ІІБ, тұрғын үй, мәдениет және спорт салаларында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. 

Айталық спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша  тындырымды тірлік көп. Былайша айтқанда, Шымкент қаласында былтырғы жылдың II жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді.

Ағымдағы жылы жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы негізінде мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бағытында жергілікті бюджеттен 2 323 миллион теңге қаржы бөлінген-ді. Соның аясында спорттық секцияларға 14 000 баланы немесе 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16 пайызын қамту жоспарланған болатын.

Бүгінгі күні, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландырудың платформасына 130 кәсіпкерден өтінім келіп түсіп, оның 96-сы біліктілік іріктеуден өтіп, оң шешімдерін алды.

Қазіргі таңға дейін мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ата-аналар тарапынан балаларын 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секцияда) үйірмелерге беру үшін жалпы саны 21 286 өтініш қабылданып алынды. Соның нәтижесінде 14 230 баланың ата-анасымен арнайы келісім-шарт жасалды. Оған сәйкес балалар жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шахмат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлифтинг, қазақ күресі, футзал, теннис секілді спорт түрлерімен тегін айналысады. 

Сондай-ақ аталған жобаның көмегімен 264 жаттықтырушы және 150-ге  жуық басқа да қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Ендігі жерде мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы  18 мың (20 пайыз), 2024 жылы 20 мың (22 пайыз) баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр дейді салаға жауапты мамандар.

Жасыл технологияға бетбұрыс байқалады
Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу