Шымкенттік жігіт электромобиль құрастырды
Жасыл экономикаға көшуге бүгінде әлем елдері біртіндеп қадам басуда. Көптеген дамыған елдер қазір барлық салада таза қалдықсыз технологияны, баламалы қуат көздерін пайдалануды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде әсіресе экономикасы мықты алпауыт мемлекеттерде тоқпен жүретін электромобиль өндірісі кең үрдіс ала бастады. Жұрт сұйық отынмен жүретін көліктерін тастап, электрокарға жәйлап болсын көшіп жатыр. Әлбетте бір жағынан экология мәселесін ойлау болса, екінші тұрғыдан жаңа технологияны игеру мақсатында қазіргі таңда дүние жүзінде электрокар құрастыру саласы бойынша бейне бір жарыс жүріп жатқандай. Осы заманауи технологиялық тренд додасынан Қазақстанның да қалып кетпеу керектігі маңызды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда мемлекет шеңберінде қандай да бір ілкімді істер атқарылмаса да жергілікті жерде заман көшіне ілесуге тырысушылық байқалады. Осы күнде Шымкентте жергілікті кәсіпкерлердің күшімен қозғалтқышы электрлі мотормен жүретін жаңа электрокарлар құрастырыла бастады.
Аталған жобаны қолға алған, былайша айтқанда идея авторы, әрі оның инвесторы жергілікті жас кәсіпкер Нұрсұлтан Сейсембаев. Англияда оқып келген жігіт. Мамандығы–инженер. Өзі басқаратын Berenmotors компаниясы электрокар, яғни электр көлігін құрастырады. Олар sport car BMW Z3, Retro Ford 74, Wolkswagen Golf МК3, BMW Х1. BMW, Дамас, Форд таурус және Митсубиши галанд көліктері. Міне осы электромобильдерді компания сатылымға қойып отыр. Бір қызығы, Berenmotors жобасын жетілдіруге Англиядағы Warwick университеті 2 зерттеуші топты жасақтамақ. Кәсіпкер электр көліктерінің қауіпсіздігін тексеру бойынша арнайы тесттер өткізген. Және ол 6 жыл уақытты алған. Бүгінде ол сәтті жүзеге асып, компания сервистік жұмыстарын бастауға ресми кірісті.
Н.Сейсембаевтың мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан компания бастамаларына нақты қолдау білдірген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болыпты. Аталған ведомство басшысының орынбасары Марат Қарабаев елімізге белгілі «Астана моторс» компаниясы басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмегін тигізген.
Бүгінгі таңда Нұрсұлтанның айналасында 40 білікті маманнан құралған мықты команда жасақталды. Олар жобаны өміршең ету мақсатында күндіз-түні тынбай еңбек етуде.