Шымкенттік кәсіпкер әлеуметтік нысанға инвестиция құйды

Oinet.kz 04-11-2022 526

image.png

Үшінші мегаполисте қаланың кәсіпкерлік саласының өркендеуіне айрықша үлес қосып отырған бизнес өкілдері әлеуметтік нысандарға инвестиция құя бастады. Осы ретте қала әкімі М.Әйтенов, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов, “China Machinery Engeneering Corporation”  компаниясының директоры Ху Джанху шаһардағы Бозарық-2 шағын ауданынан ашылатын 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен бір ауысымда 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықтың құрылысының басталуына ресми түрде пәрмен берді. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшылары,  университет ректорлары мен қоғам белсенділері қатысты. 

Жоба арнайы мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда. 

Қос нысан да жеке инвестор-«Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен салынады. Осынау жобаны іске асырудың нәтижесінде қалада жаңадан 2500-нан астам жұмыс орны пайда болады.

Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы диагностикалық мекемесінің құрылысына мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұжымына және С.Сейітжанұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін жеке алғысын білдірді. 

Өз кезегінде кәсіпкер С.Сейітжанов мегаполисті көркейту, дамыту жолында аянбай еңбек етуге дайын екендігін жеткізді. «Қаланың  гүлденуіне әрбіріміз үлес қосқанымыз жөн. Өйткені Шымкент - біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қазақстан болашағы үшін өте маңызды, дені сау ұлт қана Отанын өркендете алады”-деді ол. 

Қала әкімдігі тарапынан да бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда Бозарық-2 шағын ауданынан аурухана құрылысына жалпы ауданы 150 га жер бөлініп, аталған жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері – электр жарығы, табиғи газ, су, кәріз жүйесі және байланыс желісі тартылды. Жауапты мамандар алдағы уақытта құрылыс жұмыстары барысында қос нысан жол және оған қажетті тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі дейді.

«Жасыл технологиялар баланың көзімен» байқауы өтті
Шымкенттік жігіт электромобиль құрастырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу