«Жасыл технологиялар баланың көзімен» байқауы өтті
Биыл елімізде «Балалар жылы». Осыған орай барлық іс-шаралар балалардың құрметі үшін ұйымдастырылып, солардың болашағы жолында өтіп жатыр. Республикалық және өңірлік деңгейде аталып жатқан Балалар жылының басты ұйытқысы ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте Президент Қазақстан халқына жолдаған Жаңа жылдық құттықтауында: «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деді Қасым -Жомарт Кемелұлы.
Ендеше республиканың үшінші мегаполисінде де Балалар жылы аясында біршама іс-шаралар ұйымдастырылып, игі істер қолға алынды. Әлі де жалғасын тауып жатыр. Соның бір мысалы, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Мектепке дейінгі дамыту орталығының ұйымдастыруымен қалалық «Жасыл технологиялар баланың көзімен» атты тақырыптағы байқау. Аталған жарыс жақында ғана «Айналайын балапан» бөбекжай бақшасының ғимаратында өтті. Байқауға 34 балабақшадан 100 -ге жуық бүлдіршіндер қатысты.
Байқаудың мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың назарын қоршаған орта проблемаларына аударуға бағытталды.
Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған № 61 «Нұртас» бөбекжай бақшасынан Мейірбек Мағжаның және №70 «Шолпан» бөбекжай бақшасынан Абзалқызы Айнисаның жұмыстары Республикаға жолданды.