Әйелдер заманауи кәсіпті меңгеруге құштар
Талай әйелін бақытын тапқан үшінші мегаполистегі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығы нәзік жандыларды ешкімге тәуелді болмай өз кәсібін ашуды үйретуді, бизнес жүргізуге көмектесуді жалғастыруда. Мұнда кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM мамандығы, балаларға арналған массаж, дефектолог-логопед, тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары бойынша қызметтер көрсетіледі.
Орталық мамандарының айтуынша соның ішінде SMM мамандығы бүгінгі таңда нағыз сұранысқа ие, табысы мол кәсіптердің бірі екенін айтады. Бұрын «Бақытты жанұяда» заманауи кәсіпті жас келіншектер меңгерсе, қазір үлкен жастағы аналар да SMM-ші болуға ұмтылып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желіде біреуді немесе оның өнімін, қызметін жарнамалау шамамен 50 теңге тұрады. Сонда осындай 4-5 тапсырысты қабылдаған ана ешқайда шықпай үйінде отырып, әлеуметтік желіге бір сағат уақытын бөліп отырып-ақ әжептеуір табыс табады. Қазір әлеуметтік желінің мүмкіндігін біліп алған аналар массаж курсын тәмамдап болған соң өз қызметін ертеңгі күні жарнамалау үшін қосымша SMM курсынан да өтуде. Логопед курсы да аналардың өз балаларының тілін тезірек дамытуға септігін тигізіп отыр. Әсіресе оның тегін болуы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлкен көмек болуда. Себебі, бүгінде жекеменшік клиникаларда логопедке қабылданып, бір рет көрінудің өзі кемінде 10 мың теңге тұрады. Қазіргі таңда SMM мамандығын меңгерген 8 ана жеке парақшаларында өз бизнесін дамытып отыр.
Осы тұста айта кету керек, жоғарыда аталған тегін курстарға бюджеттен ешқандай да қаржы қаралмаған. Бұл жерде тікелей орталық мамандарының өз ықтиярымен, кәсіпкерлерден қосымша көмектер қарастыру арқылы іске асып жатқан игі тірліктер. Осы жетістіктері үшін Шымкенттегі «Бақытты отбасы» орталығы республикада ең үздік болып танылып, өзгелерге үлгі ретінде таныстырылған.
Орталықтың алдына қойып отырған ендігі мақсаты мен жоспары мекеменің қаладағы аудандардан филиалдарын ашу. Соның ішінде кеңсенің шалғай елді мекендерде орналасуына көңіл бөлінбек. Өйткені алыс ауылдардан қаланың орталығындағы жалғыз «Бақытты жанұя» мекемесіне келіп-кету уақыт жағынан қиындық туғызып жатқанға ұқсайды.