Орталықтан бақытын тапқан Еркінай

Oinet.kz 03-11-2022 563

image.png

Шымкент қаласында тұрмысы төмен әйелдерді кәсіпке баулып жүрген «Бақытты жанұя» орталығы бүгінге дейін талай ананы «бизнесвуменге» айналдырды. Орталықтан өз бақытын тапқандардың бірі Еркінай Көшкенбаева қазір осы мекемеде өзі де аналарға тігіс тігуді, құрақ құрауды, кестелеуді, қысқасы ісмерлік өнердің барлық қыр-сырын үйретуде. 

«Алғашқы кезде отбасылық мәселемен осы орталыққа келген едім. Сөйтіп осы жерден түрлі деңгейде көмек алып, тігін тігу курсын оқыдым. Оны бітірген соң «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті оқыту курсынан өтіп, арнайы грантқа құжат тапсырып, нәтижесінде конкурста жеңімпаз атанып, 555 мың теңге грантқа ие болдым. Бұл қаражаттың үстіне өзім жеке қалтамнан қаржы шығарып, бір миллионнан астам теңгеге кестелейтін қымбат тігін мәшінесін сатып алдым. Қазір үйде жеке тапсырыстар қабылдап, кестелеумен айналысамын, яғни киімдердің, сөмкелердің бетіне кестелеп әртүрлі оюлар салып, жазулар жазып беремін. Орталықтан арнайы ұсыныс түскен соң өтініштерін жерге қалдырғым келмей, осында келіп ұстаздық етіп жатқан жайым бар. Осы жерде курсқа қатысуға ниет білдірген аналарға тігіс тігуді, құрақ құрауды екі ай бойы үйретеміз. Оқуды бітірген соң көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасып кетіп жатыр немесе үйінен жеке кәсіп ашып алады. Жуырда курста оқитын екі келіншек ізгілік қорының конкурсына қатысып, 180 мың теңге тұратын бір-бір тігін мәшінесінен ұтып алды. Сондықтан өмірде өзін жоғалтып алдым деген әйелдерге, ұнжырғаны түсірмей, осында келіп, жаңа белестерге желкенді қайта керуге шақырамын», ­ дейді Е.Көшкенбаева. 

Орталықта табыс тауып, кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін арнайы тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед курстары ұйымастырылған.

Бүгінгі таңда қала бойынша 18 943 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, түрлі деңгейде ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, eqov.kz порталынан қызметтер алу және тағы басқа бойынша аналардың сұраныстарына сәйкес 316 онлайн, 18 627 офлайн түрде қызметтер ұсынылған. Сондай-ақ биыл орталық арқылы 550-ден аса азаматша кәсіптің қыр-сырын үйренді. 

«Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ана грант иегері атанды
550-ден аса азаматша кәсіптің қыр-сырын үйренді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу